Ресейлік Baza онлайн-ресурсы жариялаған "ұшқыштардың әңгімесі" мен "қара жәшік" мәліметтері арасында айырмашылық бар. 23 қаңтар күнгі баспасөз жиын кезінде Ақтаудағы ұшақ апатын тергеу жөніндегі комиссияның жетекшісі, вице-премьер Қанат Бозымбаев осылай деп мәлімдеді.
- "Қара жәшік" материалдарынан үлкен айырмашылығы бар. Ресми ақпаратты күтіңіздер, - деді Бозымбаев.
Ол апатты зерттеп жатқан Қазақстан билігі Baza-да жарияланған мәліметті "жарияланып кеткен ақпарат" ретінде санамайтынын жеткізді.
- "Baza-дан көрдім. Бұл көбіне жермен әңгімеге ұқсайды. Мен ол жерде экипаж мүшелері, ұшқыштардың сөзін естіген жоқпын. Қара жәшікте экипаж мүшелерінің сөзі бар, олар көбірек. Осыған қарап, бұл біздің тергеу тобынан шыққан ақпарат емес екенін түсіндім" деді вице-премьер.
"Экипаж мүшелерінің жердегі диспетчерлермен әңгімесі" деген материал Baza арнасында 15 қаңтарда жарияланған. Ондағы жазбаға қарағанда, Бакудан Грозныйға ұшқан ұшақ бірнеше рет Шешенстан астанасына қонуға оқталады, одан кейін жергілікті диспетчерлерге корпусқа құс түсіп кеткенін және "кабинада екі кресло жарылғанын" хабарлайды. Экипаж мүшелері рейс Минеральные воды елді мекеніне, одан кейін Махачкалаға баратынын айтады. Оларды Ростовтағы диспетчерлерге қосқанда, экипаж мүшелері Бакуға оралатынын, кейін техникалық мәселелерді алға тартып, Қазақстанның Ақтау қаласына баратынын айтады. Ақтау диспетчерлері оларға қонуға рұқсат береді, алайда келіссөз үзіледі.
Әзербайжан әуе компаниясына тиесілі Embraer 190AR ұшағы 2024 жылы 25 желтоқсанда күндіз Ақтау әуежайы маңында апатқа ұшыраған еді. Әуе бортында болған 67 адамның 38-і қаза болды, 29-ы тірі қалды. Жолаушылардың басым бөлігі – Әзербайжан азаматтары. Онда ресейліктер, қырғызстандықтар және қазақстандықтар да болды. Ұшақта болған алты қазақстандықтың барлығы опат болды.
Әуе апатынан кейін бірден ұшаққа құс соғылған болуы мүмкін немесе жарылыс болған болуы мүмкін деген болжам айтылды. Алайда құлаған ұшақтың корпусындағы саңылауларды көрген авиация мамандары ұшақ сырттан зақымданған болуы мүмкін деп сенімді түрде айта бастады.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев қаңтар басында "ресейлік мемлекеттік органдардың оқиғаны жабулы қазан жабулы күйде жауып қоюға талпынғанын және қисынсыз болжамдар айта бастағаны таңқалдырды әрі өкіндірді" деп мәлімдеген. Ол сонымен бірге Ресей жағы өтемақы төлеуі керек деген талап қойған.
Кейін "Росавиация" Azerbaijan Airlines ұшағы тұманның салдарынан және украин дрондарының шабуылына орай енгізілген "Кілем" жоспарына байланысты Грозныйға қона алмады деп мәлімдеген. Ресей президенті Владимир Путин ұшақтың "Ресейдің әуе кеңістігінде апатқа ұшырағаны үшін" Әлиевтен кешірім сұрады. Ұшақ апатынан қазақстандықтар да қаза болған, бірақ Путин Астанадан кешірім сұраған жоқ.
Желтоқсан соңында Қазақстан Ақтау маңында құлаған ұшақтың "қара жәшіктерін" лайнерді шығарушы ел - Бразилияға жіберуді жөн көрген. Қаңтарда Қазақстанға "қара жәшіктердің" сараланған мәліметтері жеткізілді. Бозымбаевтың айтуынша, тергеу әлі жалғасып жатыр. Тергеудің алдын ала қорытындысы келесі аптада жарияланбақ.