Accessibility links

Қазақстандағы қарақалпақ диаспорасы белсенділерінің бірі Польшадан саяси баспана алды


Қошқарбай Төремұратов
Қошқарбай Төремұратов

2023 жылдың күзінен бері Еуропада жүрген қарақалпақ белсендісі Қошқарбай Төремұратов әлеуметтік желідегі парақшасында Польшадан саяси баспана алғанын хабарлады. Бұл жөнінде Адам құқығы жөніндегі Түркімен Хельсинки қоры хабарлады.

Саяси баспана берілгені жөнінде хабарламаны белсенді 20 қаңтарда алған.

X желісінде Еуропадағы құқық қорғаушы Лейла Сейітбек те оның жазбасын қайталап басқан.

Қошқарбай Төремұратов 2006 жылдан бері Қазақстанда тұрған. 2013 жылдан бері Алматыда қарақалпақ диаспорасын құру қызметімен шұғылданған. 2014-2018 жылдары Өзбекстанда түрмеде отырды. Бостандыққа шыққаннан кейін Алматыға оралып, диаспора жұмысымен белсене айналыса бастаған. 2022 жылы қыркүйекте Төремұратов Ташкенттің экстрадиялық өтінішімен ұсталып, бір жылдай Алматы тергеу изоляторында отырды.

Шамамен бір жылдан кейін қамаудан шыққан соң ол Еуропаға кетіп, саяси баспана алу бойынша өтініш түсірген. 2023 жылы 8 қыркүйекте Нөкіс қалалық соты оны 2020 жылы Youtube-те "Нөкістегі "Алға, Қарақалпақстан" жақтастарының демонстрациясы" атты видеожазбасы үшін 5 жыл 1 айға сырттай соттаған.

2022 жылы Өзбекстан билігі референдумға шығаруға ұсынған Конституцияның жаңа жобасында Қарақалпақстанның егемендігі мен Өзбекстаннан бөлініп шығу құқығы туралы баптардың болмауы Қарақалпақстанда елдің наразылығын туғызды. Мұның соңы қақтығысқа ұласып, ресми дерек бойынша 21 адам өліп, 200-ден астам адам жараланған. Құқық қорғаушылар бұдан да көп адам өлген болуы мүмкін деп санайды.

Көтеріліс Қарақалпақ астанасы - Нөкісте басталғандықтан, ол "Нөкіс оқиғасы" аталып кетті. Наразылықтан кейін Ташкент халық пікірін ескеретінін айтып, даулы өзгерістерден бас тартқан. Бірақ құқық қорғаушылар қарсылық білдірген қарақалпақ белсенділерін жазалап, қудалауды күшейткенін айтқан. Қазақстанда Өзбекстан өтінішімен қарақалпақ белсенділері ұстала бастады. Олардың кейбірі бір жыл қамауда отырып, бостандыққа шыққаннан кейін өзге елдерге кеткен.

Қазір Қазақстанда тергеу изоляторында Өзбекстанда саяси бап бойынша айыпталған екі қарақалпақ белсендісі қалып отыр.

Алматыда белсенді Ақылбек Мұратбай қамауда отыр. Өзбекстанда оған "конституциялық құрылымды өзгерту" және "тәртіпсіздікке шақыру" баптары бойынша айып тағылған. Мұратбай мұны жоққа шығарады. Қазақстан билігі оның босқын мәртебесін беру туралы өтінішін қабылдамай тастаған.

Бұған қоса, Расул Жұманиязов та экстрадициялық қамауға алынған. Жуырда Қазақстан жағының Ринат Утамбетовті Өзбекстанға экстрадициялағаны белгілі болды. Ол 2024 жылы сәуірде Өзбекстан билігінің "сепаратизм" бойынша қылмыстық іске байланысты іздеуіне орай Қазақстанда ұсталып, содан бері Алматыдағы тергеу изоляторында отырған.

Құқық қорғаушылар мен белсенділер 2024 жыл қарақалпақтар құқығы тапталып, оппозиция өкілдерін қудалау күшейген жыл болды дейді. Ресми Ташкент кейінгі бір жылда ел ішінде интернеттегі белсенділікті басып, шет елдердегі белсенді қарақалпақ азаматтарын экстрадициялауға тырысты. Құқық қорғаушылар елде саяси тұтқындар саны артқанын, олардың түрмеде азаптау көргенін мәлімдесе, ресми Ташкент мұның бәрін жоққа шығарып отыр.

XS
SM
MD
LG