Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотында былтыр Ақтаудағы әскери полигонда қаза болған сарбаз Марат Барқұловтың өліміне қатысты сотта жарыссөз басталды. Прокурор айыпталушы Дамир Досовты 13 жылға еркіндігінен айыруды сұрады деп жазды Ulysmedia сайты.
Офицер Дамир Досовқа "Адам өлтіру" бабы бойынша (99 баптың 1-бөлігі) айып тағылған.
Сайттың жазуынша, айыпталушы сот кезінде тапаншаның оқталып тұрғанын білмегенін айтқан. Алайда мемлекеттік айыптаушы мұны негізсіз деп таныған. Прокурор айыпталушы кадрдағы офицер болғандықтан тиісті дайындықтан өткенін және түрлі қаруды қолдану бойынша емтихан да тапсырғанын алға тартқан.
19 жастағы Марат Барқұлов былтыр қыркүйекте Маңғыстау облысындағы "Оймаша" полигонында өткен оқу-жаттығу кезінде қаза болған. Сарбаздың "қаруды қолдану ережесін бұзу салдарынан" мерт болғаны хабарланған.
Ulysmedia-ның жазуынша, желтоқсанның ортасында адвокаты іс бойынша тергеу жағынан кеткен көптеген қателіктерді хабарлаған.
Бұл іс бойынша алғашқы сот отырысы Астанадағы әскери сотта 14 қаңтарда басталған.
Марат Барқұловтың ата-анасын қолдау мақсатында бұл сотқа әскерде жараланған немесе қаза болған өзге де сарбаздардың ата-аналары қатысқан. Олар ұлдарының өлімін және мүгедекке айналған оқиғаларды әділ тергеуді талап еткен.
Кейінгі кезде Қазақстанда қатардағы жауынгерлер мен курсанттар арасында өлім-жітім мен суицид жиілеп барады. Бұған дейін қорғаныс министрлігі кейінгі үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қаза болды деп мәлімдеген.
Былтыр күзде әскерде өлім-жітімнің жиілегені жайлы сұраққа жауап берген қорғаныс вице-министрі Шайх-Хасан Жазықбаев "әскердегі өлімнің көп жағдайда әскери қызметке қатысы жоқ" деп мәлімдеген. Оның айтуынша, қарулы күштер саласында кейінгі үш жылда әлімжеттікпен байланысты қылмыстар саны 28 пайызға азайған: 2021 жылы 32 жағдай тіркелсе, 2023 жылы 23 болған. 2024 жылы 13 факт тіркелген.
ПІКІРЛЕР