Accessibility links

Әскерде қаза болған Барқұловтың ісі: айыпталушы лейтенант 13 жылға сотталды


Астана әскери соты. Көрнекі сурет.
Астана әскери соты. Көрнекі сурет.

Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соты сарбаз Марат Барқұловтың өліміне қатысты айыпталған Дамир Досовты 13 жылға бас бостандығынан айырды.

Сот Ақтау гарнизонының 25744 әскери бөлімінің зенит-артиллериялық взводының командирі 22 жастағы Дамир Досовты "Адам өлтіру" бабы бойынша кінәлі деп таныды. Сарбаз Марат Барқұлов айыпталушы атқан оқтан өлген.

Сот кезінде Досов тапаншаның оқталып тұрғанын білмегенін айтқан. Ал прокурор айыпталушы кадрдағы офицер болғандықтан тиісті дайындықтан өткенін және түрлі қаруды қолдану бойынша емтихан да тапсырғанын алға тартып, ол келтірген уәжді негізсіз деп атаған.

Сот бұған қоса, айыпталушыны "гвардия лейтенанты" әскери шенінен айырды. Қаза болған сарбаздың анасының моральдық өтемақы ретінде 50 млн теңге төлеу туралы өтінішін сот жартылай қанағаттандырып, айыпталушыны 20 млн теңге төлеуге міндеттеді.

19 жастағы Марат Барқұлов былтыр қыркүйекте Маңғыстау облысындағы "Оймаша" полигонында өткен оқу-жаттығу кезінде қаза болған. Сарбаздың "қаруды қолдану ережесін бұзу салдарынан" мерт болғаны хабарланған.

Желтоқсанның ортасында адвокаты іс бойынша тергеу жағынан кеткен көптеген қателіктерді хабарлаған.

Бұл іс бойынша алғашқы сот отырысы Астанадағы әскери сотта 14 қаңтарда басталған.

Марат Барқұловтың ата-анасын қолдау мақсатында бұл сотқа әскерде жараланған немесе қаза болған өзге де сарбаздардың ата-аналары қатысқан. Олар ұлдарының өлімін және мүгедекке айналған оқиғаларды әділ тергеуді талап еткен.

Кейінгі кезде Қазақстанда қатардағы жауынгерлер мен курсанттар арасында өлім-жітім мен суицид жиілеп барады. Бұған дейін қорғаныс министрлігі кейінгі үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қаза болды деп мәлімдеген.

Былтыр күзде әскерде өлім-жітімнің жиілегені жайлы сұраққа жауап берген қорғаныс вице-министрі Шайх-Хасан Жазықбаев "әскердегі өлімнің көп жағдайда әскери қызметке қатысы жоқ" деп мәлімдеген. Оның айтуынша, қарулы күштер саласында кейінгі үш жылда әлімжеттікпен байланысты қылмыстар саны 28 пайызға азайған: 2021 жылы 32 жағдай тіркелсе, 2023 жылы 23 болған. 2024 жылы 13 факт тіркелген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG