Бейсенбі, 23 қаңтарда Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары кеңесінде Қазақстандағы адам құқықтарының ахуалы талқыға түсті. БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесінде өткен бірнеше сағатқа созылған жиында Қазақстанның адам құқықтары бойынша арнайы жұмыс тобының бұған дейінгі ұсыныстарын орындау мәселесі қаралды. Жиынға жұмыс тобына кіретін елдердің өкілдері, Қазақстан үкіметінің делегациясы қатысты.
Женевадағы жиынға Қазақстан атынан үлкен делегация барды. Арасында әділет министрі Ерлан Сәрсенбаев, сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, мәдениет және ақпарат вице-минитрі Евгений Кочетов және ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов және еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов бар.
Әділет министрі Ерлан Сәрсенбаев мұның алдындағы осындай есеп беру жиынынан бері елде «әділетті Қазақстан қалыптастырудың берік негізін қалау мақсатында» «маңызды институционалдық реформалар» өткенін айтты. БҰҰ-да Қазақстанға қатысты мұндай жиын бұдан бұрын 2019 жылы болған. Оның айтуынша, 2022 жылы жүргізілген конституциялық реформа арқасында Қазақстан «парламенті ықпалды елге» айналды, билікті орталықсыздандыру процесі жүрді. Ал сыртқы істер министрі Роман Василенко мұны «бұрын-соңды болмаған демократияландыру процесі» деп атады.
«Әмбебап кезеңдік шолу» (Universal Periodic Review) деп аталатын бұл сессияда БҰҰ-ға мүше елдер өкілдерінің алдында Қазақстан билігі есеп беріп, 2019 жылдан бергі ахуал бойынша сын, ескертпе, ұсыныстар айтылды.
Әр елдің делегатына Қазақстандағы адам құқықтары ахуалын сипаттап, ұсыныстар айтуға бір минуттан уақыт берілді. Әр елдің өкілі осы уақыт аралығында өз ойын айтып үлгеруі керек.
Кезек-кезек сөйлеген әр ел өкілдері Қазақстанда өлім жазасы жойылғанын, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жаза қатайтылғанын, Конституциялық сот құрылғанын оң бағалап жатты. Ал елдегі Қаңтар оқиғасын тергеу, қамауға алынғандарды азаптау, азаматтардың саяси көзқарасын еркін білдіру мәселелеріне қатысты ішінара сын айтылды.
АЗАПТАУ МӘСЕЛЕСІ
Делегаттар ең көп қозғаған тақырыптардың бірі – қамау, тергеу орындарындағы адамдарды азаптау жайы болды. Көп елдің өкілі бұл үрдісті жою механизмдерін күшейтуге үндеді. Австралия өкілі құқық қорғау органдары тарапынан азаматтарға күш көрсетілетініне алаң білдірді.
– Құқық қорғау органдарының адамдарды азаптағаны, шамадан тыс күш қолданғаны және сот шешімінсіз әрекет еткені туралы хабарламаларға қатты алаңдаймыз. Сөз бостандығы мен бейбіт жиналыстарға шектеу қойылатыны қобалжытады. Біз 2022 жылғы наразылық кезінде азаматтардың құқығы бұзылуына байланысты ашық әрі жан-жақты тергеу жүргізіп, жауаптыларды қылмыстық жолмен қудалауды ұсынамыз, – деді Австралия өкілі.
Бұл ұсынысқа бас прокурордың орынбасары жауап беріп, азаптау туралы арыздар алдыңғы жылдармен салыстырғанда азайғанын айтты. Ал Қаңтар оқиғасынан кейін “азаптау” бабымен құқық қорғау саласының 51 қызметкері бас бостандығынан айырылғанын атап өтті.
– Қазақстанда іс жүзінде барлық салада, соның ішінде қылмыстық салада азаптауға қарсы бағытталған ауқымды өзгерістер қабылданды. 2019 жылы жарияланған реформаларға сәйкес, азаматтарды азаптағандарға рақымшылық жасалмайды, олар өкінсе де, жаза мерзімі өтсе де және тараптар өзара татуласса да, айыпталушы қылмыстық жауапкершіліктен босатылмайды. 2023 жылы азаптаушыларға шартты жаза беруге тыйым салынды, – деді бас прокурордың орынбасары Ғабит Садырбеков.
БЕЙБІТ ЖИЫН ҚҰҚЫҒЫ
Бұған қоса ескертулердің арасында ең көп айтылған мәселе – азаматтардың, бейбіт митинг өткізу құқығына кедергі келтіру жайы.
«Біз бейбіт жиын өткізу заңдарын өзгертуді және алдыңғы шолудан бері жасалған әрекеттерді оң бағалаймыз, дегенмен, бейбіт жиын өткізу тәртібіне қатысты 2022 жылғы ұсыныстардың азғантай бөлігі ғана мақұлданғанын ескертуге тиіспін» деді Словакия өкілі. Ал Австрия елшісі «[митинг өткізу үшін] ескерту беру процесін жеңілдетіп, жылдам митинг өткізуге мүмкіндік жасау мақсатында заңды өзгертуді» ұсынды. Мұндай ұсынысты Бельгия, Бразилия, Финляндия, Португалия, Германия, Италия, АҚШ сияқты басқа елдердің өкілдері де айтты.
Бұл пікірлерге Қазақстан атынан жауап берген мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов бейбіт жиын өткізу тәртібі бұрынғы өтініш беруден «ескерту жіберу» тәртібіне өткенінін үлкен қадам ретінде айтты әрі онлайн петиция арқылы азаматтар «мемлекетті басқару ісіне араласып отыр» деді:
– 2020 жылы «Бейбіт жиындар туралы заң» қабылданып, жергілікті билік органдарынан рұқсат алу тәртібін хабарлау сипатына алмастырды. Жақында Конституциялық сот мемлекеттік органдарды митинг өткізуге өтініштен бас тартатын жағдай болса, оның орнына басқа жерді не басқа уақытты ұсынуды міндеттеді. Қоғамдық бақылау туралы заң аясында заңды онлайн петицияларға арналған бірыңғай платформа жасалды. Бұл азаматтардың мемлекетті басқару ісіне мүмкіндік берді, – деді Қазақстанның өкілі.
Қазақстандық белсенділер, халықаралық құқық қорғау ұйымдары елде саяси тақырыпта митинг өткізуге кедергі көп екенін, іс жүзінде әлі де биліктен рұқсат алу керегін, билікке оппозициялық көзқарастағы жиындарды өткізуге көбіне мүмкіндік берілмейтінін жиі айтады.
ЕРКІН МЕДИА
Жиында көп көтерілген тағы бір мәселе – баспасөз еркіндігі. Біраз елдің делегаты Қазақстан үкіметінен елде баспасөз еркіндігін арттыруға күш салуды сұрады. Чили өкілі «журналистердің қауіпсіз жерде жұмыс істеу мүмкіндігін, сөз бостандығын қамтамасыз етуге кепілдік беруді», Чехия өкілі «медианың тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, медиа қызметкерлері мен блогерлерді қысымнан қорғауды» сұраса, Германия «әкімшілік кодекстегі жалған ақпарат тарату анықтамасын нақтылауды», «үкімет ғимараттарына аккредитация беру үрдісінен бас тартуды», ал Мексика өкілі «журналистер мен адам құқықтарын қорғаушыларды қорғау механизмін қалыптастыруды» сұрады.
Қазақстанның мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов жаңа қабылданған «Масс-медиа туралы» заң «журналистерге ерекше мәртебе беретінін және олардың өз кәсіби міндеттерін орындауына мүмкіндік беріп, оларды қорғайтынын» ескертті.
– Ақпарат құралдарының тәуелсіздігін қамтасыз етіп, олардың құқығын қорғау үшін аккредитация карточкасы енгізілді. «Әділ сөз», «Құқықтық медиаорталық» сияқты үкіметтік емес ұйымдармен әріптестік жүріп жатыр, – деді ол.
Халықаралық ұйымдар Қазақстанда баспасөз еркіндігі шектелген деп санайды. "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы әзірлейтін баспасөз индексі рейтингінде Қазақстан 180 елдің ішінде 142-орында тұр. Ал Freedom House ұйымының биылғы "Интернет еркіндігі" есебінде "еркін емес" елдер қатарында қалды.
ПІКІРЛЕР