23 қаңтарда Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы журналистердің шағымы бойынша мәдениет және ақпарат министрлігіне қатысты бірінші инстанцияда шыққан шешімді өзгеріссіз қалдырды. Бұл жөнінде "Власть" сайты жазды. Журналистер министрлік бекіткен "Журналистерді аккредитациялаудың үлгілік ережесі" сөз еркіндігі мен ақпарат таратудағы конституциялық құқықты бұзып отыр деп мәлімдеген.
Мәдениет және ақпарат министрі 2024 жылы 20 тамыздағы бұйрығымен бекіткен "Журналистерді аккредитациялаудың үлгілік ережесі" бойынша, аккредиттелген журналист ақпаратты тек өзі тіркелген БАҚ-та ғана жариялауға тиіс.
Заңгер Сергей Уткин сот кезінде сот-филологиялық сараптама тағайындауды сұраған. Оның сөзінше, ережедегі "аккредитацияға өтініш берген ақпарат құралдарынан ғана" деген тіркес құқықты шектеу болып саналады. Ол министрлік "аккредитация алу құқығын" міндетке айналдырып тастады деп мәлімдеген. Уткиннің сөзінше, министрлік өкілдері сот кезінде "өзге ақпарат құралдарында да" ақпарат жариялауға болатынын айтып, "өзге" деп әлеуметтік желілерді айтқан.
"Сонда журналист өзінің ақпарат тарату құқығын жүзеге асыру үшін өзге БАҚ-тан да аккредитация алуға міндетті болып шығады. Сонда министрлік мәліметтерді бірінші болып әлеуметтік желілер таратады, ал БАҚ таратпайды дегенге келтіріп отыр ма" деді Уткин.
Ал мәдениет және ақпарат министрлігі өкілдері бұл "ұйым мен журналист арасындағы өзара қарым-қатынас" деп айтқан.
"Блогерлер мен басқа адамдар аккредитация алмайды. Бұл «тек» сөзі БАҚ пен мемлекеттік орган арасындағы қарым-қатынасқа бағытталған. Мұнда ақпарат тарату құқығы бұзылып тұрған жоқ. Бұл әлеуметтік желілерге қатысты емес" деді БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаменті директорының орынбасары Анар Мұқатаева.
Оның сөзінше, бұл ереже күшіне енгелі бері бірде-бір журналист аккредитациядан айрылмаған.
Соған орай ол соттан журналистердің өтінішін орындамауды сұраған.
Прокурор да бірінші инстанциядағы шешімді өзгертпеуді сұраған.
Ақыры Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы шешімді өзгертпеді. Сот сараптама тағайындау туралы заңгердің өтінішін қанағаттандырмады.
Былтыр қарашада Астана соты мәдениет және ақпарат министрлігін сотқа берген журналистердің өтінішін орындаудан бас тартқан.
"Ақпаратты аккредиттеу туралы өтініш берілген бұқаралық ақпарат құралдарында ғана жариялау туралы талап журналистік қызмет еркіндігін шектеп, ақпаратқа тең қолжетімділік қағидасын бұзуы мүмкін. Бұл шарт мемлекеттік органда аккредитациясы бар және аккредитациясы жоқ журналистердің теңсіздігін тудырады. Оларды әртүрлі БАҚ пен әлеуметтік желілерде ақпаратты еркін тарату мүмкіндігінен айырады. ҚР Конституциясының 20-бабында сөз бостандығына, оның ішінде ақпаратты еркін алу және тарату құқығына кепілдік берілген" деп жазған еді сол кезде "Әділ сөз".
Былтыр желтоқсанда мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мемлекеттік "Казахстанская правда" басылымына берген сұхбатында министрлікті сотқа берген журналистерді сөгіп, бірақ "түпсіз сынның өзі" елде "нағыз сөз еркіндігі барын көрсетеді" деп айтқан.
Билік елде цензураға заң жүзінде тыйым салынған, ақпарат құралдарының қызметіне шектеу жоқ десе де, журналистер кейінгі уақытта Қазақстанда ақпарат алу қиындап, сөз еркіндігі тежеуге ұшырап жатыр деген пікірді жиі айта бастады.
ПІКІРЛЕР