Accessibility links

Трамп Путинді Украинадағы соғысты тоқтатуға шақырды


АҚШ президенті Дональд Трамп Truth әлеуметтік желісінде соғысты тоқтату туралы ұсыныс Ресей мен оның президенті Владимир Путинге "үлкен жақсылық" әкелетінін жазды. Трамп Ресей келіссөзден бас тартса, "барлық ресейлік тауарға" үлкен салық пен санкция салатынын айтып, сес көрсетті.

"Қазір келісіп, бұл мағынасыз соғысты тоқтатыңдар! Ол барған сайын ушыға бермек" деді ол.

Трамп Путинмен қарым-қатынасы әрдайым жақсы болғанын атап өтті.

"Ресей 60 млн халқынан айырыла отырып, бізге Екінші дүниежүзілік соғыста жеңуге көмектескенін ешқашан ұмытпауымыз керек" деді ол. Америка президентінің сөзінше, қазір ел экономикасы "күйреп жатыр".

Ресми мәлімет бойынша, Екінші дүниежүзілік соғыста Совет одағы 27 млн халқынан айырылған, десе де тарихшылардың жазбасында әртүрлі деректер бар.

"Мен президент болғанда, басталмайтын соғысты тоқтатайық! Біз мұны оңай немесе қиын жолмен жасай аламыз және оңай жол әрқашан жақсы" деді АҚШ президенті.

Сайлауалды кампаниясы кезінде Трамп Украинадағы соғысты "24 сағат ішінде бітіруге" уәде берген еді.

АҚШ президенті қызметіне кіріскеннен кейін бірнеше сағаттан кейін журналистердің сұрақтарына берген жауабында Трамп "келіссөзден бас тартқан Путин Ресейді құртып жатыр" деп мәлімдеген еді. Ал Мәскеу келіссөзге дайын екенін мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG