Accessibility links

"Әйелдерімізді қайтарыңдар". Түрік азаматтары Түркіменстанға неге наразы?


Түркияда жұмыс істейтін түркімен азаматы. 2023 жылғы мамыр.
Түркияда жұмыс істейтін түркімен азаматы. 2023 жылғы мамыр.

Азаматтары жаппай Түркияға кетіп жатқанына және шетелде жүріп Ашғабатқа наразылық білдіріп жүргеніне намыстанған Түркімен билігі елге паспорт ауыстырамын деп келгендерді шетелге шығармай жатыр. Салдарынан отбасылар ажырап жатыр.

2023 жылы наурызда Йылмаз Озкан әйелі Майсаны Стамбул әуежайынан шығарып салған. Майса шетелге шығатын төлқұжат мерзімін ұзарту үшін туған елі Түркіменстанға кеткен.

Содан бері Майса Түркияға орала алмаған. Түркия билігінің оған отбасы визасын бергені де көмектеспеген.

Енді Түркіменстан билігі Майсаға шетелге шығуға 2028 жылға дейін тыйым салғаны белгілі болып отыр. Бес жылдық тыйымды ерлі-зайыпты жақында ғана білген.

Шарасы таусылған Йылмаз былтыр авторитар елдің президенті Сердар Бердімұхамедовке хат жазған.

"Сіз — Түркіменстан сияқты ұлы елдің көшбасшысысыз. Біз қарапайым азаматпыз. Бір-бірін сүйетін адамдарды табыстырғаныңыз абзал. Түркіменстан президентінен әйелімді қайтаруды сұраймын", — делінген үндеуде.

Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов пен Түркия президенті Режеп Ердоған. Түркия, 2023 жылғы қазан.
Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов пен Түркия президенті Режеп Ердоған. Түркия, 2023 жылғы қазан.

Йылмаздың айтуынша, хатына ресми жауап келмеген.

Йылмаз — Түркіменстан билігі саясаты салдарынан әйелінен ажырап қалған жалғыз адам емес.

Азаттықтың Түркімен қызметімен сөйлескен Йылмаз — өзімен тағдырлас 60 азамат отыратын WhatsApp тобына мүше. Бұл топқа түркімен қызына үйленіп, әйелі туған еліне барғаннан кейін тұзаққа түсіп қалған түрік азаматтары жиналған.

Түркмен билігіне азаматтарының жаппай шетелге кетіп жатқаны ұнамайды. Ал елден кетуге экономикалық жағдай себеп. Табиғи газға бай елдің үкіметі елді дұрыс басқара алмағандықтан, жұрт жақсы өмір кешуге мүмкіндік аз деп тауып, шетелге кетуге ұмтылады. Салдарынан елде халық саны азайып жатыр. Мұны жеке әңгімеде түркімен шенділері де растайды.

2022 жылы Анкара Түркіменстан билігінің сұрауымен түркімен азаматтарына арналған визасыз режимнің күшін жойған. Кейінгі жылдары түркімен төлқұжатының мерзімін ұзартуды созбаққа салып, кешеуілдету жиіледі.

Түркіменстанның дипломатиялық миссиялары да мерзімі аяқталған төлқұжат мерзімін ұзартуды немесе шетелде жүрген азаматтарына жоғалған құжат орнына жаңасын беруді тоқтатқан. Былтырғы жылдың соңында уақытша жол жүру құжатын беру де уақытша тоқтады.

Шетел азаматына тұрмысқа шыққан түркімен әйелдеріне қарым-қатынас — Ашғабаттың өз азаматтарын елде ұстау үшін неге болса да баратынын көрсететін жалғыз белгі емес.

Былтыр Еуропадан Түркіменстандағы жағдай туралы хабар тарататын Turkmen.News диссиденттер басылымы билік "азаматтарды жаппай ұшақтан түсіріп, алып қалып жатыр" деп хабарлаған. Бұл – түркімен үкіметінің Түркиядағы көші-қон ережесінің жеңілдеуіне қарсы шарасы еді.

ТҮРІК КҮЙЕУЛЕРДІҢ МӘСЕЛЕСІ

WhatsApp тобының тағы бір мүшесі Рүстем Арслан да Түркия мен Түркіменстан үкіметіне қатар жазып, Дильфузаның оралуына жол ашуды сұраған.

Түркия көші-қон қызметінің 2024 жылы желтоқсанда жариялаған дерегіне сәйкес, Түркияда 205 369 түркімен ресми тіркелген. Бірақ елдегі түркімендер саны одан әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Түркия Дильфузаны көші-қон заңын бұзғаны үшін бірінші рет 2023 жылы депортациялап, 2026 жылға дейін елге кіруге тыйым салған. Бірақ кейінірек Түркия билігі Рүстемге жауап беріп, Түркіменстан билігі рұқсат етсе, Дильфуза елге орала алады деген.

Ашғабаттағы әуежайдың ашылу салтанатына жиналған адамдар. 2016 жылғы қыркүйек.
Ашғабаттағы әуежайдың ашылу салтанатына жиналған адамдар. 2016 жылғы қыркүйек.

Түркіменстан билігі рұқсат етпеді. Енді Түркияның сыртқы істер министрлігі Дильфузаның ісін “Түркіменстанның ішкі ісі” деп санайтынын мәлімдеп отыр. Бұл туралы Азаттыққа Рүстем айтты. Оның сөзінше, Түркіменстанның Стамбулдағы консулдығының қызметкерлері оны тіпті елшілік ғимаратына да кіргізбеген.

"Адам сүйіктісінен ажырап қалғанда, шыңырауға түсіп кеткендей болады. Таңертең оянасың, бірақ тамақ ішкің келмейді. Кешкі ас та іше алмайсың. Одан бөлек, көңіл бөлуді қажет ететін жеке кәсібім бар. Күйім нашар болса да, ауырсам да, орнымнан тұрып, дүкенімді ашуым керек. Өйткені жалғызбын", — дейді Рүстем жақында ғана үйленген әйелін еске алып.

ҚОЗҒАЛЫС ЕРКІНДІГІН ШЕКТЕУ

Түркіменстан халқы дипломатиялық миссияның әрекетсіздігі мен пандемия кезінде Түркиядағы консулдық қызметтердің болмауын қатаң сынады. Ал түркімендерден құралған шағын топ Түркіменстанның Стамбулдағы консулдығы алдында жиі наразылық акциясын өткізіп жүрді.

Наразылық себебінің бірі — төлқұжат мәселесі.

Түркіменстандағы адам құқықтары жөніндегі Хельсинки қоры мен Human Rights Watch ұйымының қарашадағы есебіне сәйкес, "Түркімен билігінің өз азаматтарының төлқұжат мерзімін ұзартудан бас тартуы мигранттардың барған елінде заңды мәртебеге ие болуына кедергі келтіреді және олардың еркін қозғалу құқығына араласу саналады.

Наразылық демонстранттар консулдық аумағында шабуылға ұшыраған соң тоқтаған. Зардап шеккен азаматтар шабуылдаушылардың бірі консулдық қызметкері болғанын айтқан.

Азаматтық қоғамы жоқ, ал ақпарат қатаң цензурадан өтетін Түркіменстанда билік наразылықтан қатты қорықса керек. Кейінірек полиция бірнеше белсендіні ұстап, оларды депортациялаймыз деп қорқытқан. Белсенділер мұны Ашғабаттың сұрауымен жасалған шара деп түсінеді.

Ресми дерекке сәйкес, Түркіменстанда 6,5 миллион халық тұрады. Бірақ туу көрсеткішінің төмендеуі мен он жылға жалғасқан экономикалық дағдарыс бұл деректің растығына күмәнді күшейтті. Түркімен шенеуніктері 2021 жылы Азаттыққа берген анонимді сұхбатында халық арасында жүргізілген алдын-ала сауалнама елде тұрғылықты тұратын халық саны бұл деректің жартысына да жетпейтінін көрсетті деген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG