Қазір шетелде тұратын тіл белсендісі Қуат Ахметовтің үстінен 2021 жылы қозғалған қылмыстық іс жабылған жоқ. Іс Қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-бөлігімен, яғни "Ұлт араздығын қоздыру" бойынша тергеліп жатыр. Бұл туралы Азаттыққа Алматы прокуратурасы мен қалалық полиция департаменті хабарлады.
Бұған дейін Қуат Ахметовке қатысты "Ұлт араздығын қоздыру" бабы бойынша қозғалған дәл сол іс 2023 жылы 20 қаңтарда "қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына" байланысты тоқтатылғаны белгілі болған. Мұны белсендінің өзі де айтып, жергілікті БАҚ жазған.
Қалалық прокуратура қылмыстық іс қашан қайта жанданғанын нақтыламады. Азаттыққа жолдаған ресми хатта бұл істің бір кездері үзілгенін де ескертпеген. Тергеудің қайта жанданғаны туралы ақпарат Азаттық органдарға сауал хат жолдағаннан кейін белгілі болды.
Алматы қаласы прокурорының орынбасары Асхат Шәріпов қол қойған хаттағы ақпаратқа сай, 2021 жылы 12 тамызда тіркелген іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Прокуратура заңға сай сотқа дейінгі тергеу деректері жарияланбайды деді.
- 47 жастағы тіл белсендісі Қуат Ахметов қазір Түркияда тұрады. Ол елден өзіне қылмыстық іс ашылып, тергеу жүріп жатқан кезде, 2021 жылы 29 тамызда кеткен.
- Ол Қазақстанда жүргенде түрлі мекеме мен сауда орнына барып, қызметкерлердің қазақ тілінде қызмет көрсетуін талап етіп жүретін. Белсенді мемлекеттік тілде қызмет көрсетпеген жерлерге полиция шақыртып, кейбірін жария түрде кешірім сұратқызды, бірінің қазақша үйренемін деген уәдесін алды. Ал кейбірі қазақша сөйлеуге ашық қарсылық білдіретін. Ахметов осы белсенділігін видеоға түсіріп, 2021 жылдың наурыз айынан бастап "Til Maydani онлайн партиясы" YouTube-арнасына жариялап жүрді. Кейін бұл арнаны YouTube "ереже бұзды" деп бұғаттап тастады.
- Қуат Ахметовтің видеолары кремльшіл ақпарат құралдары мен Ресей билігінің көзіне түсті. Олар Ахметовтің әрекетін "русофобия әрі фашистік әрекет" деп, "орыстар мен орысша сөйлейтіндерді жек көру көрінісі" деп бағалады.
- Ресей сыртқы істер министрлігі "Орталық Азия елдерінде орыс тілінде сөйлейтіндер кемсітуге ұшырады, Мәскеу мұндайға жол бермеудің амалын жасайды" деп мәлімдеді. 2021 жылы 12 тамызда Ресей ішкі істер миниминистрлігі Ахметовке ел аумағына кіруіне 50 жылға тыйым салды. Сол күні Ахметовтің үстінен "Ұлт араздығын қоздырды" деген баппен іс қозғалды. 12 тамыз күні Қазақстан президенті әкімшілігі жетекшісінің сол кездегі орынбасары, қазір Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев мәлімдеме жасады. Ол тіл белсендісінің әрекетін меңзеп, оны "жабайы ұлтшылдыққа", "бірлі-екілі адамның бейадекват әрекетіне" балады.
- 2021 жылы 19 тамызда Алматы полиция Қуат Ахметовті көшеде күштеп ұстап әкеткен. Оған "Тіл майданы" атты тіркелмеген ұйымға жетекшілік етті деп айыптап, сот 145 мың теңге айыппұл салды. Он күннен кейін, 2021 жылы 29 тамызда Қуат Ахметов Қазақстаннан Грузияға ұшып, онда көп тұрақтамай, Киевке кетіп қалды. Онда 88 күн тұрып, Түркияға өтті.
ПІКІРЛЕР