Accessibility links

Трамп Путинді санкциямен қыспаққа алмақ. Қазақстан сияқты үшінші елдерге қауіп бар ма?


Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамп G-20 самиитінде. 2017 жылғы шілде. Гамбург, Германия.
Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамп G-20 самиитінде. 2017 жылғы шілде. Гамбург, Германия.

Ақ үйге келген үшінші күнінде АҚШ президенті Дональд Трамп Украинамен бейбіт келісімге ниет танытпаса, санкция шеңгелін қыса түсеміз деп Ресейді қорқыта сөйледі. Кремль бұған қалай жауап берді? Әрі қарай не болуы мүмкін?

Дональд Трамп президент сайлауынан да бұрын араағайын болып, Ресейдің Украинаға ашқан соғысын тоқтатқызамын дегенді айтқан. Бірақ ол мұны қалай жүзеге асыратынын нақтыламаған.

Қызметіне кіріскеннен екі күн өткен соң, 22 қаңтарда Трамп Ресейді келіссөз үстеліне отырғызатын бір құралды атады: Ресей илікпесе бұдан да қатаң санкциялар саламыз деді ол. Кез келген келісімге апарар ең маңызды жол осы болмақ деді АҚШ президенті.

«Жылдам келісімге келмесе, Ресей АҚШ-қа және басқа елдерге сататын барлық затқа үлкен салық, тариф және санкция енгіземіз» деп жазды Трамп Truth әлеуметтік желісіндегі өз парақшасында.

Путин "Ресейді бүлдіріп жатыр". Соғыстан қашқан украиндар. Трамптың айтқаны
please wait

No media source currently available

0:00 0:09:59 0:00

Мұның алдында Трамптың Путинді мақтағаны, Американың Украинаға берген көмегін сынағаны және оның атысты жылдам тоқтатуға деген ұмтылысы Киев жақтастарын секем алдырған. Ол Украина мүддесін кейінге ысырып, Ресейге көп басымдық беріп қоймай ма деген қауіп күшейген.

Бұл апта Трамп қатқыл мәлімдеме жасады. 22 қаңтардағы пост АҚШ президентінің Ресейді түйреп сөйлеген пікірлерінің бірі болды. Мұның алдында ол «соғыс Ресейді күйретіп жатыр», «тым кеш болмай тұрғанда Путин ақылға келуі керек» деген.

«ҰЛЫ РЕСЕЙМЕН БҰЛАЙ СӨЙЛЕСУГЕ БОЛА МА?»

Трамп сөзінің ауаны Киевке де жақты, Ресейге қысымды күшейте түсу керек дейтін оның жақтастарына да ұнады. Украинаның сыртқы істер министрі Андрей Сибига Трамптың сөзі «күшті сигнал болды» деді.

Ал Мәскеу, керісінше, жаңа санкция саламыз деп қорқыту еш нәтиже бермейді дегенді бірден айтып үлгерді. Путиннің баспасөз хатшысы бұдан «жаңа ештеңе байқамайғанын» айтты.

Кремльшіл тележүргізуші Владимир Соловьев те менменси пікір білдіріп, Telegram-да «Ұлы Ресеймен осылай сөйлесуге бола ма сонда? Соғыста жеңіліп жатырмыз ба? Жау дарбазамыздың алдына келіп тұр ма?» деген жазба қалдырды.

Украина Рязаньға, Ресей Киевке дрон жаудырды. Трамп Қытайға үміт артады
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:46 0:00

Бұл Путиннің соғыста көп шығынға ұшыраса да, майдан даласында біртіндеп ілгері жылжып жатқанын, инфляция жоғары болғанына және басқа да қиындықтарға қарамастан экономикасы да жақсы екенін айтып, «Ресей соғыстан еш қиналмады» деген риторикасымен үндес шығып тұр.

Алайда сарапшылардың айтуынша, бұл мәлімдемелердің артында Трамптың жаңа санкциялары жағдайды қиындатып жіберуі мүмкін деген үрей тұрған болуы мүмкін. «Меніңше бұл Кремльді шын қобалжытты» деді Азаттыққа сұхбатында Лондондағы Халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының Ресей мен Еуразия бойынша аға ғылыми қызметкері Найджел Гулд-Дэвис.

ТРАМПТЫ ҚОЛДАУ ЕМЕУРІНІ

24 қаңтарда Владимир Путин елдің мемлекеттік арнасына бұл тақырып бойынша ашыла пікір білдірді. Ол АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесіп, екі жақтың мүддесіне сәйкес мәселелерді талқылағысы келетінін, бұған "Киев тарапынан кедергі болып жатқанын" айтты және АҚШ-тың ішкі саясатына қатысты ойын айтып, Трамп риторикасын қолдай сөйледі.

"Шынында да, бізге кездескен дұрыс болар. Бүгінгі күннің шындығына сүйене отырып, АҚШ-ты да, Ресейді де қызықтыратын барлық бағыт бойынша мәселелерді байсалды түрде сөйлескеніміз жөн болар. Біз дайынбыз" деді Путин "Россия 24" телеарнасына берген сұхбатында.

Путин сұхбат барысында Трампты "ақылды әрі прагматик адам" деп сипаттап, ол Америка экономикасына зиян келетін санкцияларды қабылдамайды деді.

Путин Дональд Трамппен ылғи да "ерекше іскерлік әрі прагматикалық және сенімді қатынас" болғанын атап өтті.

"2020 жылы оның жеңісін ұрламағанда, бәлкім 2022 жылы туындаған Украинадағы дағдарыс та болмас еді, бұл жағынан онымен келісемін" деді Путин. Ал 2020 жылы "АҚШ-тағы президент сайлауында бұрмалаушылық болды" деген дерек Америка сотында дәлелденбеген.

Десе де ол Трамптың бірінші президенттігі тұсында Ресейге өте көп санкция салынғанын да еске салды.

ПУТИНДІ КӨНДІРУ МҮМКІН БЕ?

Трамп «алғашқы сөзінен-ақ талабының шеңберін айқын көрсетті деп санайды сарапшы.

Трамп риторикасынан «соғысты аяқтатудың жолын Украинаны емес, Путинді компромиске көндіруден» көріп отырғанын байқауға болады дейді Гулд-Дэвис.

Қаңтардың 23-індегі жаңалығында Reuters агенттігі «жағдайды білетін кемі бес дереккөздің айтуынша» Путин «Ресейдің соғыс экономикасындағы қиындықтарға байланысты алаңдай бастағанын» хабарлады. Мәселен Ресей орталық банкі төрағасының бұрынғы орынбасары Сергей Вюгин: «Ресей, әрине, экономикалық тұрғыда кикілжіңді дипломатия жолымен тәмәмдауға ниетті» деген.

Аты-жөнін жарияламауды сұраған екі дереккөзіне сілтеген Reuters агенттігі экономикалық проблеманың ұлғаюы «Ресей элитасының бір бөлігінде соғысты келіссөз арқылы реттеген дұрыс болар еді деген көзқарастың беки түсуіне жәрдемдесті» деп жазады.

Трамптың қоқан-лоқысы Путинді «тығырыққа тіреді» деп жазды Литваның бұрынғы сыртқы істер министрі Габриелиус Ландисбергис Х-тегі парақшасында. «Путин таңдау жасауы тиіс. Экономикасы шатқаяқтап тұрғандықтан қатты қорқып қалғанын мойындауы керек немесе бұл талап оның империалистік амбициясын шектемейтінін дәлелдеуі қажет».

Кей сарапшылар экономикалық қиындықтар Путинді Украинаны тізе бүктіру райынан қайтара алмайды деп болжайды. Тіпті бітім шарты не бейбіт келісім қазір басып алған Украинаның 20 пайыз жері бейресми түрде Мәскеу бақылауында қалған күннің өзінде Кремль мұны місе тұтпауы мүмкін деп санайды кей сарапшы.

«Экономикалық мәселелер Путиннің Украинаға қатысты жоспарына қатты ықпал етеді деп асыра бағаламауымыз керек. Меніңше, экономикалық ахуал қандай болса да, Путин соғысты Ресейдің шарттарымен аяқтауға бар күшін салады. Ол «достық пиғылдағы Украина» орнамайынша, Ресейдің ұзақ мерзімде амандығы қыл үстінде тұрады деген ойға кәміл сенеді» деп жазды Х-тегі парақшасында Карнеги зерттеу орталығының сарапшысы Татьяна Становая.

Бұған қоса, «Трамптың сүреңсіз сипаттамасы ел экономикасының жағдайы туралы Путиннің өз түсінігіне қайшы келеді, ол оны тіпті Батыс елдерінің экономикасымен салыстырып, мақтаныш көзі деп есептейді» деп жазды Становая басқа бір постында. «Трамп Путинге шегініс жасату үшін [Ресей экономикасының халі мүшкіл деген] осы тұжырымды құрал ретінде пайдаланғысы келсе, мұнысынан ештеңе шықпайды» деп болжайды ол.

ҚАЙТАЛАМА САНКЦИЯ ЖӘНЕ «ТАСАДАҒЫ ФЛОТ»

Келесі сарапшылар тобының ойынша, Ресейдің экономикасына жасалған ауыр соққы Путиннің есебін жылдам өзгерте қоймайды.

Оның себебі Путин 2022 жылдың ақпанында Украинаға басып кіргелі Батыс елдері салған санкциялар оны соншалық әлсірете қойған жоқ дейді олар. Тағы бір сұрақ: Трамп инаугурациясынан он күн бұрын ғана Байден әкімшілігі Ресейге өздері «ең пәрменді» деп атаған санкциясын салғаны белгілі, енді бұдан әрі қандай жазалау құралы қолданылуы мүмкін?

Гулд-Дэвистің айтуынша, елеулі санкция түрлері әлі де бар.

«АҚШ-тың қолында айрықша әрі үрей шақыратын қару – қайталама санкция әдісі бар. Оның айтып тұрғаны – Ресейдің өзіне емес, Мәскеудің соғысты әрі қарай жалғастыруына мүмкіндік бермеу үшін басқа елдер мен ұйымдардың онымен алыс-беріс жасасуына шек қою тәсілі. Бұған қоса, Вашингтон және Батыс елдері Ресейдің «тасадағы флотына» да тыйым сала алады. Ресей көбіне ескі-құсқы, сақтандырылмаған кемелер көмегімен санкцияны айналып өтіп, мұнай сатуын жалғастырып келеді деген дерек бар.

Америка жаңа қауіпсіздік институтының санкциялар бойынша сарапшысы Рейчел Зимбаның айтуынша, қазір бар экономикалық қысым тетіктерін күшейтіп, қайталама санкциялар салу – Трамп әкімшілігі қабылдай алатын ең елеулі шешімдердің бірі болар еді.

Ресей Американың қатаң санкциялары мен технология экспортына тыйымның салдарын жою үшін Қытай, Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан сияқты аралық елдердің көмегіне жүгінді. Зимбаның айтуынша, осы жолы бұл елдерге санкция қаупі төнуі мүмкін.

Қытай екі мақсатта қолданылатын технологияны тасымалдап, мұнайын сатып алу арқылы Ресейді қолдауға маңызды үлес қосты.

«Трамп әкімшілігі Ресейдің әскерді жабдықтау тізбегін жалғауға көмектескен және Ресей мұнайын сатып алған Қытай банктеріне санкция салуда Байден әкімшілігіне қарағанда батылдау бола ма, жоқ па, басты сұрақ сол» дейді сарапшы.

«Бұл риторика қаншалық нақты іске айналады, әзірге бұл жағы анық емес» дейді Рейчел Зимба.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG