Тәуелсіздік жариялағаннан кейін бірнеше ай талқыланып барып, 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданған тұңғыш Конститyция 4 бөлiм, 21 тараy, 131 бап және "өтпелi кезең ережелерiнен" тұратын. Онда мемлекеттің конститyциялық құрылымының негiзi бекiтiлдi.
2 РЕТ 5 ЖЫЛҒА ҒАНА САЙЛАНАТЫН ПРЕЗИДЕНТ ҚАЙДА КЕТТІ?
Өз алдына дербес ел мәртебесіне енді ғана ие болған, іс барысында совет республикаларының ішінде ең соңғысы болып тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан тұңғыш Конституция бойынша өзін демократиялық зайырлы және бiртұтас мемлекет ретінде жариялады.
Қазақстанда халық атынан билiк жүpгiзy құқығы өздеpiнiң конститyциялық өкiлеттiгi шегiнде Жоғаpғы совет пен пpезидентке беpiлдi.
Осы Конституцияны қабылдаған ХІІ шақырылымдағы Қазақ ССР кезіндегі Жоғары совет өз өкiлеттiгiн сайланған мерзiмi бiткенше атқаратын болып бекітілді. Алайда іс барысында мерзімінен бұрын тарқап кетті.
1990 жылғы 24 сәуірде сайланып, коммунистік партия басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты президент етіп бекіткен шақырылым тұңғыш Конституцияның қабылдаған 1993 жылдың желтоқсанында таратылды.
Бұл Назарбаевты президент қылғанымен қоса Ерік Асанбаевты вице-президент лауазымына таңдап, кейін оппозицияға кеткен Серікболсын Әбділдинді парламент төрағасы етіп сайлаған парламент болатын.
Осы шақырылымда қабылданған тұңғыш Конституция президент позициясын күшейтті. Осыдан кейін президент тек мемлекеттің ғана емес, елдің атқарушы билігінің бірыңғай жүйесінің де басшысы болып танылды.
Аталған Конституция 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған екінші, яғни қазіргі Конституция күшіне енгенге дейін қолданылды.
1993 жылғы тұңғыш Конституцияда Қазақстан президенті болып 35-ке толған, 65 жастан аспаған адамның 2 рет 5 жыл мерзімге сайлана алатыны көрсетілген. Президент болар адам сайланғанға дейін ел аумағында кемінде 10 жыл тұрақты тұруы керек деген шарт болған. Бұл баптар кейін 1995 жылғы екінші Конституцияға да қосылғанымен көптеген өзгерістер мен толықтырулардан соң негізгі заңның бұл тұсы өзгеріп, Назарбаев шексіз мәрте сайлауға түсетін мүмкіндікке ие болды.
Тұңғыш Конституция жобасы ел тәуелсіздігін алған соң 6 айға жуықтағанда көпшілік талқысына ұсынылды. Тәуелсіздіктен кейінгі әрекет осы Конституция жобасын дайындау, елтаңба, әнұран әзірлеу болатын. 1992 жылдың маусымында елтаңба мен әнұран қабылданды. Сол кезде президент, Конституциялық комиссияның төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев маусымның 1-інде парламентте сөйлеп, жаңа Конституция жобасын таныстырған.
"СЕССИЯ ЗАЛЫ ҚИҚУҒА ТОЛЫ..."
Назарбаев парламентте Конституция жобасын таныстырған күннің ертесіндегі Жоғарғы кеңестегі ахуал алаңдатарлықтай еді. Дау мемлекеттік тіл мәселесінен шықты. Негізгі заң жобасын референдумға ұсыну қауіпті деп есептейтіндер де болған. Бұл туралы Азаттық радиосының Алматыдағы тілшісі Қиял Сабдалин 1992 жылғы 2-3 маусымда эфирден хабарлады.
"Құрметті радиотыңдаушылар! Біз бүгінгі шағын радиорепортажымызды Қазақстан парламентінің алдынан, Абылай хан даңғылы мен Төле би көшесінің қиылысынан жүргізіп тұрмыз. Қазақстан парламентінің сегізінші сессиясы өз жұмысын одан әрі жалғастыруда. Бүгін, маусым айының 2-сі күні, Қазақстан республикасының негізгі заңының жобасы талқылану үстінде. Сіркіреп жаңбыр жауып тұр. Міне, соған қарамастан Қазақстан парламентінің алдындағы адамдар қарасы едәуір. Осы заңмен бірге қазақ елінің де тағдыры таразы басына түскен сияқты. Қазақстан парламентарийлері, Қазақстан халық депутаттары қазақ тілімен қатар орыс тіліне де мемлекеттік мәртебе береміз деп тәжікелесуде. Сессия өтіп жатқан зал қиқуға толы. Қысқасы, әңгіме ушығып тұр", – деген Азаттық тілшісі парламент үйіне кіріп, депутаттарды да сөзге тартқан.
Солардың бірі жазушы Камал Смайылов "Шынында да тіл мәселесінің қайдан, қалай шыққаны белгісіз. Өткен жолғы тіл туралы заңда [1989 жылы қабылданған Тілдер туралы заң – Азаттық] қазақ тілінің мәртебесі сөз болған. Онда орыс тілі қағажу көрсін деген жері жоқ. Тіпті соңғы жылдары орыс тілінің мұрты да сынған жоқ. Қазіргі ашылып жатқан газет, журнал, теледидар компанияларының 80-85 пайызы – орыс тілінде. Әрине, бұл да дұрыс емес, түбі бірыңғайлы етіп реттеу керек болады. Қазір болса, шу көтеретіндей ештеңе жоқ", – деген депутат.
Ал тағы бір депутат, жазушы Әнуар Әлімжанов болса, заңды талқылау бір жақта қалып, әркім өзінің ойында жүргенін айта бастады деп есептейді. Соның салдарынан тілге байланысты дау туындаған. Ол тілге қатысты жайды күрделі мәселе деп танитынын айтқан.
"Тіл болса, ел мен тарих та, әдебиет пен егемендік те және тәуелсіздік бар деген сөз", – деген Әлімжанов 1465 жылы құрылған Қазақ хандығы тарихын тұспалдап өтеді. Айтуынша, Қасым хан тұсында "Бес жарғы" деген заң үлгілері 200 жыл шамалы қолданыста болып, Тәуке хан оған екі жарғы қосқан соң бұл заңдар жинағы "Жеті жарғы" деген атпен танылған. Әнуар Әлімжанов мұны елдегі негізгі заңның алғашқы үлгілері деп таниды. Ол Жоғары советтің ХІІ шақырылымының сегізінші сессиясында Конституция жобасын талқылауға тарихи маңыз берген. "Тек тіл мәселесі туралы даудың түбі немен аяқталары белгісіз", – деген жазушы.
Ал сессияға қонақ ретінде шақырылған "Азат" қозғалысы басшыларының бірі Сәбетқазы Ақатай Азаттық тілшісінің сауалына таусыла жауап берген.
"Шашымның жартысы осы сегізінші сессияда ағарып кетті десем, өтірік емес. Өйткені мәселені айналдырып әкеліп тілге тірей береді. Қазақтар орыс тіліне қарсы деген сөздер айтылуда. Кім оған қарсы болып отырған? Бәле салып сөйлейтіндердікі дұрыс емес. Әңгіме орыс тіліне саяси өктемдіктің құралы ретінде жол бермеу керек дегенге ғана саяды. Ал Конституция жобасын референдумға жіберетін болса, тілден және тәуелсіздіктен айрылып қалу қаупі бар. Сондықтан бәрін де салауатқа жеңдіруіміз керек", – деген пікір айтқан "Азат" қозғалысы серкелерінің бірі Сәбетқазы Ақатай.
НАЗАРБАЕВ НЕГЕ ӨЗ АЙТҚАНЫНА ӨЗІ СЕНБЕДІ?
Бұл туралы сол кездегі ел басшысы Нұрсұлтан Назарбаев не дейді? Бұрынғы президент 2023 жылы жарыққа шыққан "Менің өмірім" атты мемуарында осы жайлы еске алады. Бір айта кетерлігі, Назарбаев одан бұрынғы кітаптарында тұңғыш Конституция туралы айтпайтын, немесе сараң сөйлейтін. Кейінгі естелігінде де ол шешіліп кеткен жоқ. Дегенмен, экс-президент тұңғыш Конституциядан аттап кете алмаған.
"Жаңа Конституция жасау ісіне біз президент инаугурациясынан кейін-ақ іле-шала кіріскенбіз. 1991 жылдың 15 желтоқсанында Жоғарғы кеңес қаулысымен Конституциялық комиссия құрылған. 1992 жылдың 1 маусымында депутаттар алдында Қазақстан Республикасының Конституциясының жобасы туралы сөз сөйлегенде "Уақытымыздың күрделі екеніне қарамастан біз Конституцияны ұзақ мерзімге әзірлеп отырмыз" деп айтқаныммен, сол айтқаныма өзім де сонша сенбейтінмін. Неге? Себебі, сол кездегі парламент мүшелері де, парламент басшылары да социалистік сана құрсауынан арыла алмаған-ды, тіпті депутаттардың көпшілігі жаңа экономика, жаңа саясат дегенді жан-жүрегімен сезінбейтін адамдар еді", – деп Назарбаев тәуелсіздік тұсындағы депутаттарды жазғыра баяндайды.
Бұл түсінікті де. Назарбаев өз қолайына жағатын 1995 жылы қабылданған Конституцияға дейінгі әрекеттерді бір жақтап, бір жақтырмағаны анық. Сөйте тұра Назарбаев тұңғыш Конституцияның демократияға қадам екенін мойындайды.
"1992 жылғы маусымда бірінші оқылымда қабылданған жоба барлық республикалық, облыстық газеттерде жарияланып, талқылау желтоқсан айына дейін созылды. Сөйтіп Конституция 1993 жылдың 28 қаңтарында қабылданды. Ол Конституция өзіндік кемшіліктері бола тұра, ұлттық – мемлекеттік құрылыстың негізін ғана қалап қоймай, елдегі демократияландыру процесін тереңдете түсуге септесті, саяси реформаларға хал-қадірінше жәрдемдесті", – деп жазды Назарбаев өз дәуірінде қабылданған тұңғыш Конституция туралы.
ФЕДЕРАЦИЯ, ҚОС ТІЛ, 2 ПАЛАТАЛЫ ПАРЛАМЕНТ – ҚАБЫЛДАНБАҒАН ҰСЫНЫСТАР
Азаттық радиосы 1992 жылғы 30 қазандағы эфирінде сол кезде әлі де талқыланып жатқан Конституция жобасы туралы мынадай деректер келтірген.
"Бұдан алдын хабарлағанымыздай, президент Нұрсұлтан Назарбайдың төрағалығымен конституциялық комиссияның мәжілісі болған еді. Қазақстанның негізгі заңының жобасын парламент бірінші оқылымында қабылдағаннан кейін бұл құжат ауылдық, аудандық, облыстық кеңестердің сессияларында қаралған. Қазақстан баспасөзінде жобаға қатысты 500-ден астам материал жарияланған. Оны талқылауға үш милионнан астам адам, іс жүзінде республиканың әрбір үшінші ересек тұрғыны қатысқан. Жұмыс тобына 18 мыңнан астам ескертпелер мен ұсыныстар түскен. Мысалы, елдің тілегін ескере отырып, елдің федерациялық құрылымы, мемлекеттік қостілділік, екі палаталы парламент құру туралы ұсыныстар қабылданбаған. Мемлекеттік қызмет және министрлер кабинеті туралы тараулар да алынып тасталған. Қараша айының басында негізгі заңның жобасы Жоғарғы кеңестің төралқасында қаралуға жіберіледі екен. Содан кейін парламенттің сессиясына енгізіледі. Ал парламенттің келесі сессиясы өз жұмысын желтоқсанның бірінші жартысында бастамақ", – деп хабарлаған Азаттықтың Алматыдағы тілшісі Қиял Сабдалин.
Тілшінің хабарлауынша, қоғамдық ұйымдар негізгі заң жобасын талқылауда мемлекетті "Қазақ республикасы" деп атауды талап еткен. Олар бұған қоса қазақ тілі мемлекеттік тіл дегеннен кейін орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі дегенді де алып тастау керек деп санайды.
"Олардың айтуынша, орыс тілін Конституцияға жазудың қажеті жоқ. Өйткені бұл басқа да ұлттардың тілін аяққа басу болып саналады. Ұлтаралық қатынаста қай ұлт азаматы қай тілде сөйлеймін десе, өз еркінде", – деп хабарлаған Азаттық радиосының тілшісі. Қиял Сабдалин сол кездегі негізгі заң жобасындағы "мемлекеттік тілді білмегені үшін азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектеуге тыйым салынады" деген тұсын "Қазақ тілі" қоғамы сынап отырғанын да айтқан.
"ЖЕР САТУДЫ ЕСТЕН ШЫҒАРҒАН ДҰРЫС"
Сөйтіп жүргенде 1992 жылдың 9 желтоқсанында Негізгі заңның соңғы нұсқасы Жоғарғы советтің тоғызыншы сессиясының қарауына ұсынылды. Мұнда тағы да атойлап тіл мәселесі шыға келеді. 9-10 желтоқсан күнгі Азаттық хабарына құлақ түрсек.
"Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев республика парламенті сессиясының қарсаңында әсер етуші екі үлкен топ – қазақ және орыс тілді өкілдермен кездесті. Онда жаңа Конституция жобасының баптары туралы әңгіме болды. Бүгін, яғни 9 желтоқсанда Қазақстан республикасы Жоғары кеңесінің тоғызыншы сессиясы ашылды. Онда қаралатын сексендей мәселенің 30-ы өзекті. Соның ішінде ең бастысы Негізгі заң бәрінен бұрын талқыланып, қабылданады деп күтіледі... Бүгін сессияның ашылуы қарсаңында парламент үйінің алдында сағат 10 кезінде 50 қаралы жастар жиналды", – деп хабарлаған Алматыдан Азаттық тілшісі Саясат Бейісбай.
Қазақстанның алыс-жақын аймақтарынан жиналған жастардың наразылығы туралы бұдан бұрын кеңірек айтылған. Олар мемлекеттік тіл тек қазақ тілі болуы керектігін талап етіп, орыс тілінің өз елі барын айтқан. Олардың талабы жайында бұдан бұрын "Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының 18-эпизодында баяндалған.
Парламенттің тоғызыншы сессиясының қарауына Конституция жобасы түскеннен кейінгі талқы туралы Азаттыққа берген сұхбатында депутат Балғабек Қыдырбекұлы тіл мәселесінде қарама-қарсы екі жақ та қызбалыққа жол берді деп айтқан.
"Негізгісі – қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын дегенді ешкім жоққа шығарған жоқ", – деген ол.
Ел президенті Назарбаев қатысқан осы сессияның ашылуында депутаттардың бірі Алтыншаш Жағанова болса, президентті "демократтығы" үшін сынға алып, "кейбір кезде белден басып жіберу керектігін" айтқан. Ал тағы бір депутат Шерхан Мұртаза жиналғандарды "таласты қойып, мәмілеге келуге" шақырған.
"Жаңа академик Манаш Қозыбаев айтқандай, тәуелсіз мемлекетте ту, елтаңба, әнұран және тіл біреу болу керек. Жан-жануар мен адамзаттың қай-қайсында болса да тіл біреу. Қос тіл тек жыланда ғана болады", – деген депутат Мұртаза Негізгі заң жобасындағы президент туралы және жер мәселесі туралы жайларға да тоқталған.
"Жерді сату туралы қағазға жазбақ тұрмақ мүлде естен шығарған дұрыс сияқты", – деген Шерхан Мұртаза.
ПАРЛАМЕНТТЕН НАЗАРБАЕВ КӨРГЕН "ЖӨНСІЗ ДЕРБЕСТІК"
Қазақстанда 28 қаңтар екі жыл ғана Конституция күні ретінде атап өтілді де, 1995 жылы екінші Конституция қабылданды. Бұл кезде парламенттің өзі де жоқ еді. Назарбаев өз бастамасымен құрған Қазақстан халықтары ассамблеясының қолдауына сүйеніп, редакциясын өз басқарған жаңа Конституцияның жобасын жалпыхалықтық референдумға шығарып, қабылдатқызып алды.
Бірінші Конституция неге өміршең болмады, екінші Конституцияның қажеттілігі неде? Назарбаев өз естеліктерінде бұл жайлы да айтқан.
"Бұл кезде Қазақстан іс жүзінде парламенттік-президенттік республикаға айналып үлгерген-ді. Жоғарғы кеңестің жөнсіз дербестігі елдегі тұрақтылыққа қауіп төндірердей күйге жақындады. Сол тұста мен Серікболсын Әбділдинмен жеке сөйлестім. Ресейде президент Борис Ельцин мен Жоғарғы кеңес басшысы Руслан Хасбулатовтың тіл табыспауынан елде қандай жағдай орын алғанын есіне салдым, біз өзара қатынасымызды ондайға апармауымыз керектігін айттым. Сөзге құлақ қояр болмады. Ат құйрығын кесісердей, қатты кетістік", – деп жазды Назарбаев.
Ресейде 1992-1993 жылдары президент пен парламент арасындағы тартыстан кейін конституциялық дағдарыс орнап, оның аяғы президентке сенім білдіру референдумы мен парламент төрағасының қамалуына ұласқан болатын. Назарбаев "Менің өмірім" кітабының тағы бір тұсында жаңа парламентке қажеттілікті өз тұрғысынан түсіндіруге тырысқан.
"Бірақ бұл арадағы негізгі мәселе тілалғыш парламентке қол жеткізуде немесе жеткізе алмауда емес. Мәселенің басты мәнісі – ел дамуының сол белесінде Қазақстанның мүддесі үшін бәрінен бұрын күшті президенттік билік қажет екенінде еді".
Міне, Назарбаев осы тұста өзінің түпкі ойы не болғанын, нені көксейтінін мойындаған. Оның соңы неге ұласқаны көпке мәлім.
Азаттық радиосының әр жылдарғы маңызды хабарларына шолу жасайтын "Азаттық толқынында" подкасында Қазақстанның тұңғыш Конституциясының жобасы қандай талқы тудырғанын толығырақ тыңдауға болады.
Аудиоподкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдай аласыз.
ПІКІРЛЕР