Алматы әкімшілік соты Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті қолдап, пикетке шыққан Ақторғын Ақкенжебаласына (Ақторғын Қайратова) 196 600 теңге айыппұл салды. Бұл жөнінде Oyan, Qazaqstan қозғалысы хабарлады.
Онлайн өткен 25 минутқа созылған. Сот порталына әзірге сот шешімі жүктелген жоқ. Істі судья Арай Нұғыманова қараған.
Ақторғын Ақкенжебаласын полиция бір күн бұрын Қазақ ұлттық опера және балет театрының маңында Еңсебекті қолдап, пикет жасап тұрған кезде алып кеткен. Әкімдік өкілі оған "пикеттің заңсыз" екенін айтқан. Ал белсенді бұл тұжырыммен келіспей, өзінің пікір айту құқығын пайдаланып отырғанын алға тартқан.
Бірнеше минутқа созылған пикет кезінде Ақторғын Ақкенжебаласы Темірлан Еңсебекке қарсы қозғалған қылмыстық істі тоқтатып, оны түрмеден босатуды талап еткен. Бұған қоса, оны қолдаған белсенділерді де қудаламауды талап еткен
23 қаңтарда Астанада белсенді Эльвира Бекзадинаның да Еңсебекті қолдағаны белгілі болды. Facebook-тағы "Белсенділер экстремистер емес" атты парақшада "Сатира - қылмыс емес" деген жазу ұстаған Бекзадинаның суреті пайда болды. Онда "@qaznews24 маған тек күлкі сыйлайды. Қазақстандағы саяси жағдайларды әзілмен жеткізетін @qaznews24 жетекшісі - Темірлан Еңсебек көңілімді көтереді. Темірланға бостандық! "Сатира қылмыс емес" флешмобы жалғасып жатыр" деп жазып қойған.
Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебек 17 қаңтарда ұсталып, ертесінде екі айға қамалған. Оған "әлеуметтік алауыздық қоздырды" деген айып тағылған. Бұл бап бойынша оған айыппұл салынуы мүмкін немесе 2-7 жыл аралығында бостандықты шектеу немесе бостандықтан айыру жазасы қаупі төніп тұр.
21 қаңтарда Алматы қаласының полиция департаменті сатиралық Qaznews24 паблигінің авторы Темірлан Еңсебек ісі бойынша пікір білдірді. Полиция оның үстінен іс қозғауға сатиралық жазбалары емес, автордың "бүтін бір этнос өкілін қорлайтын, ұлтаралық алауыздық қоздыратын белгілері бар материал жариялағаны" себеп болды деп мәлімдеді.
Журналистер мен сарапшылар Еңсебектің ұсталуын "сөз бостандығына қысым" деп атап, сынға алған.
19 қаңтардан бері Алматы, Астана, Ақтөбе, Қостанайда Темірлан Еңсебекті қолдаған акциялар өтіп жатыр:
- Руслан Бикетов - 19 қаңтарда пикетке шыққан, 15 тәулікке қамалды (Алматы);
- Әсем Жәпішева – 20 қаңтарда шыққан, 15 тәулікке қамалды (Алматы);
- Сергей Зинченко – 21 қаңтарда шыққан, 196 600 теңге көлемінде айыппұл салынды (Қостанай);
- Ақмарал Жәкібаева – 21 қаңтарда шыққан, 196 600 теңге көлемінде айыппұл салынды (Алматы);
- Мұсағали Дауылов – 21 қаңтарда шыққан, заң бойынша зағип адамдарды ұстауға болмайды (Ақтөбе);
- Ақторғын Ақкенжебаласы - 22 қаңтарда шыққан, 196 600 теңге көлемінде айыппұл салынды (Алматы);
- Марат Мұсабаев – 22 қаңтарда шыққан, ұстау болғаны-болмағаны жөнінде ақпарат жоқ (Астана);
- Германияда тұратын Раушан Толғанбаева 22 қаңтарда қолдау акциясын өткізді.
Әлеуметтік желілердегі флешмоб:
- Элвьира Бекзадина;
- Еуропада тұратын саха белсендісі Айхал Аммосов
- Дина Смаилова да қолдады.
ПІКІРЛЕР