Accessibility links

Қостанай мен Алматыда Qaznews24 авторына қолдау білдірген белсенділерді полиция ұстады


Қостанайлық белсенді Сергей Зинченко "Сатира – қылмыс емес" деген жазу жапсырылған күрте көрсетіп тұр. 21 қаңтар, 2025 жыл. "Наша газета" басылымының фотосы.
Қостанайлық белсенді Сергей Зинченко "Сатира – қылмыс емес" деген жазу жапсырылған күрте көрсетіп тұр. 21 қаңтар, 2025 жыл. "Наша газета" басылымының фотосы.

21 қаңтарда Қостанай қаласында белсенді Сергей Зинченко Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекке қолдау білдіріп, Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының алдына шықты. Ол "Сатира – қылмыс емес" деген жазу жапсырылған күртесін көрсетіп, мұны пикет я митинг емес, перформанс деп атады. Бұл туралы жергілікті "Наша газета" басылымы жазды.

Әкімдік, полиция және прокуратура қызметкерлері дереу театрдың алдына барып, белсендіден "рұқсат етілмеген шараны тоқтатуды" талап еткен.

Зинченконың сөзінше, қазір Қостанай облыстық қазақ драма театрында 20-ғасырда совет өкіметі Қазақстан жерінде құрған "АЛЖИР" саяси тұтқындар лагері туралы спектакль өтіп жатыр, сол себепті перформанс өткізуге театр алдын таңдаған.

"Қазір тәуелсіз блогерлер мен журналистерді ұстап жатыр, сондықтан оларды қолдауға шықтым. Алматыда заң мен тәртіп емес, заңсыздық болып жатыр", – деді белсенді.

"Наша газета" басылымы Зинченконың перформансы 5 минуттан аспағанын, кейін оны билік өкілдері ұстап әкеткенін хабарлады.

Алматыда Oyan, Qazaqstan қозғалысының мүшесі Ақмарал Жәкібаева да Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры алдына пикетке шықты. Ол да Темірлан Еңсебек пен оған қолдау білдіріп, пикетке шыққан журналистер – Әсем Жәпішева мен Руслан Бикетовті босатуды талап етті.

Жәпішева мен Бикетов бұған дейін осы театрдың алдына пикетке шығып, артынан 15 күнге қамауға алынған.

Жәкібаева ұстап шыққан плакатта "Сатира – қылмыс емес!", "Ақмарал Жәкібаеваны "Сатира – қылмыс емес!" деген плакат үшін 15 күнге қамады" деген сөздер және Qaznews24 паблигінің атауы жазылған.

Белсендінің жалғыз адамдық пикеті 25 минутқа созылды, кейін театр алдына полиция барған. Олар пикетке рұқсат етілмеген деп ескертіп, белсендінің қолындағы плакатын тартып алып, Жәкібаеваны полиция басқармасына алып кетті.

Темірлан Еңсебек 18 қаңтарда екі айға қамалған. Оның үстінен "әлеуметтік желіде жазба жариялау арқылы ұлтаралық алауыздық тудыру" фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Адвокат Жанар Балғабаеваның айтуынша, Темірлан Еңсебектің қамалуына "Йоу, орыстар" деген ән түрткі болған. Еңсебек бұл әнді ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки туралы постына қосқан, әнде балағат сөздер бар. 18 қаңтарда Алматыда белсендінің жақтастары қалалық полиция ғимараты маңына жиналып, оны босатуды талап етті. Бұған дейін саясаттанушылар, сарапшылар Темірлан Еңсебектің қамаған биліктің ісін сынға алған.

Былтыр жазда Алматыдағы рэп-фристайлда "Йоу, орыстар" әнін айтқан видео желіде тарап кеткеннен кейін Алматының әкімшілік соты әзіл әнді айтқан белсенді Мария Кочневаны 10 күнге қамаған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG