Ақтөбеде белсенді Мұсағали Дауылов Темірлан Еңсебекті қолдап, пикет өткізді

Көру қабілеті жағынан мүгедектігі бар Мұсағали Дауылов пикет өткізіп тұр. 21 қаңтар 2025 жыл. Oyan, Qazaqstan суреті.

Азаматтық белсенді, көру қабілеті жағынан мүгедектігі бар, ақтөбелік Мұсағали Дауылов Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті қолдап, жалғыз адамдық пикетке шықты. Бұл жөнінде Oyan, Qazaqstan қозғалысы Instagram-дағы парақшасында хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, Дауылов Ахтанов атындағы драма театрының алдына барған. Оның қолында "Маған күлкілі емес" ("Мне не смешно") деген жазуы бар қағаз болған.

Дауылов сонымен бірге көзі көрмейтін адамдарды қамамайтынын да айтқан.

Белсендінің ұсталғаны-ұсталмағаны туралы ақпарат шыққан жоқ.

P.s: Кейін белсенді Мұсағали Дауылов Азаттыққа пикет шамамен 40 минутқа созылғанын, өзін ұстамағанын айтты.

"Өтіп бара жатқан адамдар [билік өкілдері] бақылап тұрғанын айтты, бірақ мені ұстаған жоқ. Пикеттен кейін қала әкімдігіне кірдім. Әкімдік қызметкері менің сөзімді қағазға түсірді. Оған "маған күлкілі емес" деген жазуы бар қағазды тіркеуді сұрадым, сүйтіп өтінішті тіркедім. Тарифтің қымбаттауы, пикет өткізуге рұқсат бермеу, әлеуметтік міндеттемелерді орынадамау бойынша [өтініштер]. Маған түрлі себеп айтып, пикетке рұқсат бермей келеді: біресе төтенше жағдай режимі енгізіледі, біресе тұрғын үй коммуналды шаруашылығы жұмыстарын алға артады, біресе қар тазалап жатыр дейді. Былтыр 15 рет рұқсат бермеген, биыл жыл басынан бері бес рет рұқсат бермеді" деді Дауылов Азаттыққа.

Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебек 17 қаңтарда ұсталып, ертесінде екі айға қамалған. Оған "әлеуметтік алауыздық қоздырды" деген айып тағылған. Оған айыппұл салынуы мүмкін немесе 2-7 жыл аралығында бостандықты шектеу немесе бостандықтан айыру жазасы қаупі төніп тұр.

Журналистер мен сарапшылар Еңсебектің ұсталуын "сөз бостандығына қысым" деп атап, сынға алған.

Алматы қаласының полиция департаменті Темірлан Еңсебектің үстінен іс қозғауға оның сатиралық жазбалары емес, автордың "бүтін бір этнос өкілін қорлайтын, ұлтаралық алауыздық қоздыратын белгілері бар материал жариялағаны" себеп болды деп мәлімдеді. "Мұндай іс-әрекеттер Қазақстанның негізгі қағидаттарының бірі саналатын этносаралық келісім мен халық бірлігіне нұқсан келтіреді" делінген полиция мәлімдемесінде.

Қазақстанның ақпарат және мәдениет министрлігі бұл іс бойынша жария пікір білдірмеді. Мекеменің баспасөз қызметі Азаттықтың сауалдарына әлі жауап берген жоқ.

Бұған дейін Темірлан Еңсебекті қолдап бірнеше адам Алматы мен Қостанайда пикетке шықты. Олардың арасында Әсем Жәпішева пен Руслан Бикетов, Ақмарал Жәкібаева бар. Сот олардың кейбірін 15 тәулікке қамады, кейбіріне айыппұл салды. (21 қаңтарда Зинченко мен Жәкібаеваға әрқайсысына – 196 600 теңге көлемінде айыппұл салынған).