АҚШ президенті Дональд Трамп Украина және Ресей мәселелері бойынша арнайы уәкіл Кит Келлогқа Ресейдің Украинаға қарсы соғысын 100 күн ішінде аяқтауға күш салуды тапсырды. Бұл жөнінде 22 қаңтарда The Wall Street Journal (WSJ) басылымы жазды.
"Бұл нәрсе оның қолынан келетіндігіне ешкім сенбейді, әсіресе ресейліктер" деп жазды мақала авторлары.
Сарапшыларға сүйенген мақала авторларының тұжырымдауынша, Дональд Трамптың өзі Украина бойынша келіссөздерді жеке өзі бақыламақшы.
"Келлог оған келіссөз бойынша кеңес бермек, алайда Трамптың кеңеске зәру екендігі анық емес" деп жазды WSJ.
Журналистердің пікірінше, Ресей президенті Владимир Путинмен келісім жасасу сайлауалды кампания кезінде "соғысты 24 сағат ішінде бітіруге уәде берген" Трамп ойлағаннан әлдеқайда қиын болмақ.
Сейсенбі күні Трамп егер Путин Украинадағы соғысты тоқтатуға келіспесе, онда өзінің әкімшілігі Ресейге санкция салуға мәжбүр болады деп айтқан.
2024 жылы маусымда Келлог Мәскеу мен Киевті келіссөзге мәжбүрлеу жоспарын ұсынған: егер Украина бас тартса, әскери көмекті қысқартуды ұсынған; ал Мәскеу бас тартса Украинаға әскери көмекті арттыру қажеттігін айтқан. Келіссөз кезінде тараптар атысты тоқтатып, қазіргі майдан сызығында қалуы керек.
Ақпарат құралдарының жазуынша, украиналықтардың өздері Трамптың сайлаудағы жеңісі соғысты аяқтауға көмектеседі деп сенеді. Былтыр желтоқсанда Киев халықаралық әлеуметтану институты жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша, тұрғындардың 45 пайызы (14 пайызы Трамптың жеңісі керісінше ойлайды) Трамптың жеңісі атысты "сәл" немесе "едәуір" тоқтатуға көмектеседі деп санайтындықтарын жеткізген.