Алматының Алатау аудандық соты 24 қаңтаршыдан Қаңтар кезінде бүлінген немесе қираған мүліктің құнын өндіріп алу туралы ҰҚК Шекара қызметінің Алматы облыстық департаменті түсірген шағымды қанағаттандырмай тастады. Бұл жөнінде Азаттыққа қаңтаршылардың құқығын сотта қорғаған заңгер Ерлан Қалиев хабарлады.
Қаңтар оқиғасына қатысты шартты түрде сотталған 24 қаңтаршыдан 31 млн теңге көлемінде қаражатты өндіріп алу ісі сотқа былтыр қарашада түскен.
Сотта қаңтаршылардың құқығын қорғаған заңгер Ерлан Қалиевтің сөзінше, ол сот кезінде Бостандық аудандық соты шығарған үкімде әскери мекеменің мүліктерінің бүлінуіне 24 қаңтаршының қатысын дәлелдейтін ештеңе жоғын алға тартқан. Жоғары сот қабылдаған қаулы бойынша сотта бұл жайттар егжей-тегжейлі қаралуы керек.
"Сот менің дәлелдерімді бұлтартпас уәж деп тауып, бүгін шағымды қанағаттандырмау туралы шешім қабылдады. Яғни, судья алдыңғы сот шығарған үкімде 24 қаңтаршының әскери мекеменің мүліктерінің бүлінуіне тікелей немесе жанама қатысы барын дәлелдейтін айғақ жоқ деген тұжырымға келді" деді Ерлан Қалиев.
2023 жылы қараша айында ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінің Алматы облысы бойынша департаментінің шағымы негізінде Алматы әскери сотында Қаңтар бойынша шартты түрде сотталған 24 адамның ісі бойынша азаматтық іс қарала бастаған. Шағым беруші әрбір жауапкерден 6 млн-нан астам материалдық өтемақы талап еткен. Бастапқыда шағымда жалпы шығын көлемі 147 358 220 теңге (қазіргі бағам бойынша шамамен 330 мың АҚШ доллары) деп көрсетілген. Кейін оның көлемі 31 млн теңгеге дейін қысқартылған.
Департаменттің айтуынша, Қаңтар кезінде "митингіге шыққандардың заңсыз әрекетінің салдарынан әскери мүлік бүлініп, жойылған: әскери техникалар жарамсыз болып қалған". Тәртіпсіздікке қатысушылардың "әскери жабдықтарды иемденгені" айтылды. Шағымда олардың тізімі де көрсетілген: бронежилет, шлем, сауыт және тағы басқа.
Қорғау тарабы сол кезде жауапкерлердің ешқайсысы әскери қызметкер болмағандықтан істі азаматтық сотқа беруді сұраған еді. Сот бұл өтінішті қанағаттандырып, істі Алатау аудандық сотына ауыстырған болатыр. Кейін шағым беруші тарап шағымды қайта түзеп, 2024 жылы қарашада сотқа қайта түсірген.
"25 қаңтаршының ісі" бойынша сот үкімі 2023 жылы мамырда шықты. 2022 жылдың 5 қаңтарында Алматыда атып өлтірілген Думан Қанатбекті сот кінәлі танып, қаза болуына байланысты жауапкершіліктен босатқан. Қалған 24 айыпталушылыға сот шартты жаза берді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қаңтар бойынша айыпталған "25-тің соты": айыпталушылардың барлығы шартты жаза алды