Семейде шыршаны безендіру кезінде құлаған мұғалімнің ісі: қала әкімінің орынбасары күдікке ілінді

Семейде осы шыршаны безендіру кезінде мұғалім биіктен құлаған. Желтоқсан, 2024 жыл.

Семей қаласы әкімінің орынбасары Арайбек Хамзаев жаңа жыл алдында шыршаны безендіру кезінде мұғалім Қуат Айтқалиев биіктен құлағаннан кейін ашылған қылмыстық істе күдікті атанды. Бұл жөнінде бас прокурор Берік Асылов Жұлдыз Сүлейменованың депутаттық сауалына берген жауабында айтқан.

Бас прокурордың айтуынша, полиция осы оқиғаға байланысты "Билiк өкiлетін асыра пайдалану" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Асылов жауапта қала əкімінің орынбасарының мұғалімдерді кəсіби міндетіне байланысы жоқ жұмысқа тартуға жол бергенін жазған.

Бас прокурор мұғалімнің жағдайы тұрақты, денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында деп жауап берген.

Шырша безендіруге басқа да мұғалімдерді "заңсыз тартуға жол берген" мектеп директорларына сөгіс жарияланған, білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылған.

21 желтоқсанда Семей қаласында жаңа жылдық шыршаны безендіру кезінде №49 мектептің қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Қуат Айтқалиев биіктен құлаған. Оқу-ағарту министрлігі мұғалімдерді өзінің кәсіби қызметіне қатысы жоқ жұмыстарға тарту "Мұғалімнің мәртебесі туралы" заңға қайшы келетінін мәлімдеген. Ақпарат құралдарының жазуынша, Қуат Айтқалиев бас жарақатын алып, миына қан құйылған. Нейрохирургтар ісік миға шаппас үшін оның бас сүйегінің бір бөлігін алып тастаған.

Осы оқиға белгілі болған шақта Семей қаласының әкімі ауысты. Нұрбол Нұрсағатовтың орнына Талғат Мұратов келді. Әкімдіктің баспасөз қызметі әкімнің ауысуы оқиғаға қатысы жоқ деп айтқан.

Зардап шеккен мұғалім Қуат Айтқалиев қаңтардың алғашқы аптасында ауруханадан шыққан. Өткен аптада оның әкімдікті сотқа бергені белгілі болды.