БІР МИНУТҚА ЖЕТПЕГЕН ПИКЕТ ПЕН 25 МИНУТ ӨТКЕН СОТ
23 қаңтарда Алматы қаласының әкімшілік соты Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті қолдап пикетке шыққан Ақторғын Ақкенжебаласына (Ақторғын Қайратова) 196 600 теңге (шамамен 375 доллар) айыппұл салды.
Oyan, Qazaqstan қозғалысының хабарлауынша. онлайн өткен 25 минутқа созылған. Істі судья Арай Нұғыманова қараған.
Ақторғын Ақкенжебаласы содан бір күн бұрын Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры маңында жалғыз өзі пикетке шыққан еді.
Көшеде жапалақтап қар жауып тұрған шақта көзіне қара көзілдірік тағып, қолына бір жағында "Сатира қылмыс емес" деген, екінші бетінде "Сөз бостандығы – бар болу құқығы" деген жазуы бар қағаз ұстаған белсенді өз талабын айта бастаған.
"Билікке талабым – Темірланның үстінен қозғалған істі дереу доғарсын! Бостандыққа шығарсын! 15 күнге қамалған Әсем Жәпішева пен Руслан Бикетовті, саяси белсенділерді босатсын! Әйгерім Тілеужанға бостандық берілсін! Темірланға бостандық берілсін! Сатира қылмыс емес! Сөз бостандығы – бұл бар болу құқығы. Бұл біздің ойымызды қудалау", – деді Ақторғын Ақкенжебаласы.
Бірақ оның акциясы бір минутқа жетер-жетпес уақыт қана болды. Полиция қызметкерлері белсендіні сөзін аяқтауға мұрша бермей, көлікке салып, Алматы қаласындағы аудандық полиция басқармаларының біріне алып кетті.
САТИРА САДАҒЫ МЕН БИЛІК РЕАКЦИЯСЫ
Qaznews24 паблигі қазақстандық желі қолданушыларына әзіл-сқақ "жаңалықтар" жарияланатын сатиралық ресурс ретінде танымал. Онда жарияланатын материалдар сатиралық мазмұнда екені сипаттамасында (дисклеймер) жазылған.
Билік өкілдері Темірлан Еңсебекті 17 қаңтарда ұстап әкетіп, кейін ол екі ай мерзімге қамауға алынды. Оның адвокаты Жанар Балғабаеваның айтуынша, Темірланның үстінен іс қозғауға әлеуметтік желіге мониторинг жүргізетін полиция қызметкерінің рапорты себеп болған. Темірлан Еңсебек "ұлтаралық араздық қоздыру" айыбымен жауапқа тартылуы мүмкін.
Qaznews24 постылары 150-200 мыңнан астам рет көрілген, оларды желіде бөліскендер саны 62 мыңнан асқан. Ал Еңсебек қамауға алынғаннан кейін пабликті қарағандар саны үш есе артқан.
Сатиралық жазба авторының тұтқындалуы азаматтық қоғам өкілдерінің наразылығын тудырды. Кейінгі күндері Қазақстанның бірнеше қаласында белсенді азаматтар көшеге шығып, қамауда отырған Еңсебекке қолдау білдіруді жалғастырып жатыр. Бірақ олардың наразылық іс-шарасы ұзаққа созылмайды: полиция лезде ұстап, әкімшілік жауапқа тартады – қамауға алады я айыппұл салады.
Осы кезге дейін "Сатира қылмыс емес" деген ұранмен жалғыз адам пикетіне шыққаны үшін журналистер Руслан Бикетов пен Әсем Жәпішева 15 күнге әкімшілік қамауға алынды. Oyan, Qazaqstan қозғалысының мүшесі, алматылық белсенді Ақмарал Жәкібаева мен Қостанай қаласының тұрғыны Сергей Зинченко әкімшілік жауапқа тартылды. Оларға 370 доллардан асатын айыппұл салынды. Әзірге жазадан құтылған бір-ақ адам бар – Ақтөбе қаласының тұрғыны, қос жанары көрмейтін Мұсағали Дауылов. Ол наразылық акциясына "Маған күлкілі емес" деген жазуы бар плакат ұстап шыққан еді.
"БИЛІК ТАЛҚЫЛАҒЫСЫ КЕЛМЕЙТІН ТАҚЫРЫПТАР"
Сатиралық паблик авторының үстінен іс қозғалғанын тәуелсіз сарапшылар да сынға алып жатыр.
PaperLab зерттеу орталығының жетекшісі, әлеуметтанушы Серік Бейсембаев бұл болып жатқан жағдайды "медиа алаңын тазартудың" жалғасы деп атайды. Оның пікірінше, бұл өзіндік цензураның күшеюіне, қоғамда үрей туғызуға, мемлекеттік институттарға деген сенімнің біржолата жойылуына және жасырын наразылықтың өсуіне әсер етеді.
"Кейінгі жылдары саяси алаңы өртенген даланы елестетін елде сатира мен әзіл-сқақ – шер тарқататын жалғыз нәрсеге айналған еді. Мемлекет БАҚ-ты толығымен бақылауда ұстап, ал тәуелсіз журналистер мен белсенділер қуғындалып жатқан жағдайда саяси тақырыптарға әзіл айту қоғам үшін "өзекті өртегенді сыртқа шығару" іспетті болатын, – деді ол.
Қазірге дейін белгілі деректерге сай, Qaznews24 авторының үстінен қылмыстық іс былтыр қаңтарда жарияланған кезекті сатиралық постқа байланысты 2024 жылғы мамырда қозғалған. Ол жазбада ресейлік тележүргізуші Тина Канделакиге (сол кезде ол Қазақстандағы орыс тілінің мәртебесі туралы айтылған сөздерді сөгіп, пікір білдірген – ред.) қазақстандық рэп-әншілер "Йоу, орыстар!" деген әнмен жауап берді деп жазылған. Әннің мазмұнында балағат сөздер бар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Алматыда "орыстар туралы" ән айтқан белсенді 10 тәулікке қамалдыКейбір сарапшылар іс қозғауға дәл осы пост себеп болды дегенге күмән келтіреді. Qaznews24 паблигінде бірнеше рет ел басшылығы, соның ішінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев та аталған сатиралық контенттер болған. Кейбір талдаушылар Еңсебекке қарсы қозғалған іс сол әзілдердің салдары болуы мүмкін деп топшылайды.
"Ресейлік пропагандашылармен байланыстыру – көз алдау үшін жасалған, – дейді Димаш Әлжанов. – Мұның түбінде қоғамның саяси белсенділігі мен сынын режим ауыр қабылдайтыны жатыр. Ақорда талқылауды доғарысы келетін көптеген мәселелерді саяси сатира ашып көрсетіп, өз оқырманын тауып отыр".
"Мұндай жолдан Назарбаев та өткен, 2023 жылға дейін Қылмыстық кодексте "бірінші президенттің ар-намысын" қорғайтын бап та болған", – деп еске салды Бейсембаев.
"САЯСИ МАҚСАТТА ҚОЛДАНЫЛАТЫН БАП"
Темірлан Еңсебектің үстінен Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" деп аталатын 174-бабы бойынша қозғалған. Бұл бапта айыппұлдан бастап, екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас еркіндігінен айыру жазасы қарастырылған. Медиа саласына маманданған заңгерлер Қазақстанда бұл бап көбіне саяси мақсатта қолданылады деп есептейді.
Құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль осы бап бойынша айып тағылғандарға әдетте бұлтартпау шарасының ең қатаң түрі – қамауда ұстау белгіленетінін айтты. Ол пикет үшін ең ұзақ мерзімге – 15 күнге әкімішілік қамауға алу жазасын да белгілі бір мақсатпен – көпшілік алдында азаматтық ұстанымын білдіріп сөйлегісі және "тіпті әзілдегісі" келетіндерді жөнге салу үшін береді деп есептейді.
"Көпшілікке белгілі тұлғаларға дәл сол себепті осындай [қатаң] жаза шығарылады, меніңше", – деді Чернобиль.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жемқорлықты әжуа қылған алматылық комикті қамады. Әріптестеріне бұл қалай әсер етті?Оның пікірін "Құқықтық медиа-орталық" қоғамдық қорының заңгері Гүлмира Біржанова да қостады.
Біржанова Қазақстанда сөз еркіндігінің ахуалы нашарлап бара жатқанын айтты. Оның сөзінше, Қазақстан сөз еркіндігі шығармашылық шымшыма мен сатираны қорғайтыны жөнінде анықтама берілген халықаралық құқық құжаттарын ратификациялаған. Алайда ол Қазақстанға әлгіндей және басқадай контенттер мен олардың авторын бақылауда ұстайтын жаңа құралдарға ие болуға кедергі болып отырған жоқ деді заңгер.
Біржанова мысал ретінде былтыр жазда жаңадан қабылданған "Масс медиа туралы" заңды келтірді. Бұл заң үкіметке шетелдік БАҚ-қа аккредитация беруден бас тартуға, интернет ресурстарын БАҚ-қа теңестіруге кең көлемдік өкілеттіктер берген, оған қоса, 2023 жылдан бері әкімшілік заңда "Жалған ақпарат орналастыру, тарату" бабы бар. Құқық қорғаушылар ол Ресейдегі "фейктер" туралы заңның ережесіне ұқсайтынын айтады.
"Әкімшілік, азаматтық және тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылған журналистер көбейе түсті. Медиа заңгер болып істеп жүргеніме 20 жыл болды, журналистерге қарсы мұнша іс болмаған. [Биліктің] қолындағы баптар мен құралдар көбейіп жатыр", – деді Біржанова.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Биліктегі ескі-жаңа тұлғалар адам құқықтары жайлы міндеттерін орындамай отыр". Human Rights Watch ұйымының есебіПОЛИЦИЯ: АЛАУЫЗДЫҚ ҚОЗДЫРУДЫҢ АЙҚЫН БЕЛГІЛЕРІ БАР
Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі Азаттықтың жазбаша жолдаған сауалына Темірлан Еңсебектің үстінен қозғалған іс сатираға байланысты емес деп жауап берді.
"Ол тұтас бір этностың өкілдерін қорлайтын, ұлтаралық алауыздық қоздыратын айқын белгілері бар материал жариялады. Көпұлтты елімізде ондайға жол берілмейді, Конституцияға сәйкес, ешкімді шығу тегі, ұлты, тілі, дінге көзқарасы я кез келген басқа жағдай бойынша кемсітуге болмайды", – деді Алматы полициясы.
Бұған қоса, полиция департаментінің баспасөз қызметі "құқық бұзушыға қолдау білдірген бірнеше азамат рұқсат етілмеген жеке пикетке әдейі шығып, көпшілік іс-шара өткізу тәртібін саналы түрде бұзды" деп мәлімдеді.
"Бұл іс-әрекеттер де құқық бұзуға жатады, және де сот шешімі бойынша олар әкімшілік жауапқа тартылды", – деді Алматы полициясы.
Қазақстан билігі елде саяси ой-пікір, көзқарасына бола қудаланғандар жоғын үнемі айтады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басылымға берген сұхбатында: "Біздің заңнамада азаматтардың саяси көзқарастары үшін қудалануына жол ашатын бірде-бір бұйрық, заң немесе нормативтік құжат жоқ" деп мәлімдеген.
Темірлан Еңсебектің істі болып, қудалауға түскені алғаш рет емес. 2021 жылы мамырда полиция оның пәтеріне тінту жүргізген. Ол жолы тергеу орындары "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Сол іс бойынша "қорғауға құқығы бар куәгер" атанған Еңсебек өзіне тағылған айыпты жоққа шығарған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Еңсебек ісіне пікір білдірген министр Балаева "сатира мен жалған ақпараттың арасында айырма" барын айттыҚылмыстық іс Еңсебек Qaznews24-ке дейін басқа бір сатиралық пабликте жарияланған постарға байланысты ашылған.
Ол кезде Еңсебекке халықаралық құқық қорғау ұйымдары қолдау білдірген.
2022 жылы қыркүйекте Темірлан Еңсебек "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша ашылған қылмыстық іс тоқтатылғанын хабарлаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тұрғымбаев мырза, сізге хат келді. Amnesty сатира үшін қудаланған қазақты акциясына қосты