Reuters: Путин Ресейдің экономикалық ахуалына көбірек алаңдай бастады

Ресей президенті Владимир Путин Украинаға қарсы соғыс жалғасып жатқан тұста Ресей экономикасындағы диспропорция мәселесіне көбірек алаңдай бастады деп жазды жағдайдан хабары бар бес дереккөзге сүйенген Reuters агенттігі. Олар аты-жөндерін айтпаған.

Екі дереккөздің сөзінше, Ресей элитасының арасында келіссөз арқылы соғысты аяқтау қажеттігі туралы пікір тараған. Reuters-дің жазуынша, мұнай-газ және өзге де пайдалы қазба экспортының арқасында "бойына қан жүгіріп тұрған" Ресей экономикасы кейінгі екі жылда тіпті Батыс санкциясы еселеп артса да, сенімді түрде өсіп келген. Алайда кейінгі бірнеше айда жұмыс күші тапшылығы мен инфляциямен күрес мақсатында белгіленген жоғары проценттік мөлшерлеменің салдарынан елдің ішкі экономикалық белсенділігі сыр бере бастаған.

Reuters Владимир Путиннің экономика ахуалына алаңдаушылығы туралы ақпаратты "ең алғаш рет" жазып отырғанын атап көрсетеді.

20 қаңтарда АҚШ президенті қызметіне кіріскен Дональд Трамп сайлауалды кампаниясы кезінде Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі Еуропадағы ең ірі қақтығыс – Украинадағы соғысты аяқтауға уәде берген. Инаугурациядан кейін Трамп егер Путин келіссөзге бармаса, Вашингтон Ресейге қарсы жаңа санкция салып, ресейлік тауарларға тарифті көтеруі мүмкін екенін айтқан. Трамп өз сөзінде Ресей "экономикада ірі проблемаларға" кезігейін деп отыр деп айтқан.

Reuters-тің дереккөздерінің айтуынша, Владимир Путиннің көңілінің қалғандығы 16 желтоқсан Кремльде бизнес өкілдерімен кездесу кезінде білінген. Ол кезде Путин экономика саласында қабылданған шешімдерге жауапты шенеуніктердің есебін тыңдаған. Несие құнына байланысты жеке инвестиция көлемі қысқарғанын естіген Ресей президентінің наразы екендігі жүзінен айқын аңғарылды деді дереккөздердің бірі. Ресей орталық банкінің жетекшісі Эльвира Набиуллина Кремльдегі аталған шарада болмағаны да анықталды деп жазды агенттік.

2024 жылдың 19 желтоқсан күнгі отырыста Путин орталық банк негізгі көрсеткіштер бойынша өте байыпты шешім қабылдайтындығына үміттенетінін жеткізді. Ертесінде 2024 жылдың несие-ақша саясатына арналған соңғы жиынында ресейлік реттеуші орган нарықтың талабына қарамастан мөлшерлемені 21 пайызда сақтап қалған. Ал Ресей орталық банкінің жетекшісі Элвира Набиуллина қысымға берілгенін мойындамады деп жазды материал авторлары.

Жоғары пайыздық мөлшерлемені ірі ресейлік кәсіпкерлер сынаған. Арасында "Роснефть" басшысы Игорем Сечин, "Ростех" бас директоры Сергей Чемезов, аллюминий магнаты Олег Дерипаска, "Северсталь" компаниясының ірі акционері Алексей Мордашев та бар.