Ресейде "Желілер ісі" бойынша сотталған қазақстандық Виктор Филинков бостандыққа шықты

Виктор Филинков

Ресейде "Желілер ісі" бойынша түрмеде отырған Қазақстан азаматы Виктор Филинков бостандыққа шықты. Ол қамаудан шыға Қазақстанға депортацияланды деп хабарлады "Медиазона" және "ОВД-Инфо".

Қазақстан азаматы Виктор Филинков 22 қаңтарда таңертең Орынбор облысындағы түзету колониясынан шыққан. Колониядан шыққан кезде полицейлер Филинковтың қолына кісен салып, шекараға жеткізген. Ол әйелі, құқық қорғаушы Евгения Кулаковамен бірге Қазақстанның солтүстігіндегі Петропавл қаласына барған деп айтылады.

Филинков түрмеде отырғанда Ресей жазаны атқару федералдық қызметі оның "елде қалғаны дұрыс емес" деп мәлімдеген. "Медиазонаның" жазуынша, оның депортациялануы терроризм бабы бойынша сотталғандарға қолданылатын әдеттегі тәжірибе.

"Желілер ісі" Ресейдің Петербург пен Пенза қалаларында анархистер мен антифашистерді ұстаудан басталған. Тергеу болжамынша, олар "Ресей билігін тұрақсыздандыруға бағытталған терактіні ұйымдастыруды көздеген қауымдастық құрмақ" болған. Филинков 2018 жылы 23 қаңтарда ұсталып, екі күннен кейін терегу изоляторына қамалды.

Іс ұсталғандардың бірінің сөзіне негізделген. Ал іс бойынша күдікке ілінген өзге азаматтар өздеріне тағылған айып ойдан құрастырылғанын, өздерін азаптағанын айтқан.

"Медиазонаның" жазуынша, Филинков алғашқылардың бірі болып Ресейдің күштік құрылымдары азаптады деп шағымданған. Өзінің айтуынша, оны сол кезде ФСБ қызметкерлері әуежайдан ұстап алып, орманға апарып, электрошокермен ұзақ уақыт қинаған. "Жасамаған істі жасады деп мойындатқан". Бұл іс бойынша 11 айыпталушының Филинковты қосқанда алтауы азаптауға шағымданған.

2020 жылы Санкт-Петербург соты "террористік қауымдастыққа қатысы бар" деген айыппен Виктор Филинковті жеті жылға бас бостандығынан айырып, оны жалпы режимдегі колонияға жіберген. "Желілер ісі" бойынша тағы жеті адам 6 және 18 жылға дейін бас бостандығынан айырылған.