24 қаңтарда Астана мен Мәскеу Ресейдің Қазақстандағы мұнай кеніштерін игеруге қатысуын арттыру мәселесін талқылады.
Қазақстан энергетика министрлігі таратқан хабарламада бұл келіссөзге Қазақстан энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов және Ресей энергетика вице-министрі Роман Маршавин қатысқаны жазылған.
"Кездесу барысында қатысушылар отын-энергетика саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін, оның ішінде мұнай-газ кен орындарын игеру және электр энергетикасы жобаларына ресейлік тараптың қатысуын кеңейту мүмкіндіктерін талқылады" деп жазылған.
Ресми ақпаратқа қарағанда, келіссөз кезінде "мұнайды, мұнай және мұнай-химия өнімдерін жеткізу, сонымен бірге осы энергетикалық ресурстардың тасымалдау саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне" ерекше назар аударылған.
Қазақстандағы кейбір мұнай кеніштерінің біртіндеп сарқылуы таяған шақта осыдан шамамен төрт жыл бұрын Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Қаламқас-теңіз" және "Хазар" кеніштері игерілетінін мәлімдеген. Ол бұл тұста Қазақстанның стратегиялық әріптесі ресейлік "Лукойл" болатынын айтқан.
Былтыр жазда Қазақстан энергетика министрлігі "теңіз платформаларын салу жұмыстары 2026 жылы қазақстандық верфтерде басталатынын" хабарлаған. Жобаға $6 млрд тіке инвестиция тартылмақ.
2024 жылы қазанда Kursiv "Лукойлдың" Қаламқас және Хазар кеніштерін игеру бойынша жұмыстарға кіріскенін жазды. Жоба бойыныша келісім мерзімі – 2023-2067 жыл. Жылына 4 млн тонна мұнай өндіріледі деп жоспарланып отыр.
Ресейлік "Лукойл" Қазақстанда 1995 жылдан бері істйді. Ол Қаламқас-теңіз бен Хазардан бөлек, Қарашығанақ, Теңіз, Жеңіс, Әл-Фараби жобаларына, Каспий құбыр консорциумының мұнай тасымалдау жобасына, сонымен бірге Хвалын және Орталық кеніштерді игеруге де қатысады.