Бейсенбіге қараған түні Ресей әскері Украинаның Запорожье қаласына соққы жасап, бір адам қаза болды, 24 адам зардап шекті. Жараланғандар арасында 2 айлық нәресте бар, ол ауруханаға жеткізілді. Бұл жөнінде облыстық әскери әкімшіліктің жетекшісі Иван Федоров хабарлады.
Зардап шеккендер арасында Украинаның төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік қызметінің төрт қызметкері бар деді Федоров. Кейін ол жараланған бес адамның жағдайы ауыр екенін айтты.
Оның сөзінше, қалаға соққының нәтижесінде тұрғын үйлер бүлініп, жарылыс дүмпуінің салдарынан терезелер шағылған.
Бұған дейін облыстық әскери әкімшілік өкілдері Ресей әскері Запорожьеге бес соққы дронымен шабуылдағанын хабарлаған. Соққының салдарын жоюға барлық жедел қызмет өкілдері жіберілген. Кейін ол ірі өрттің бұлыңғырланған суретін жариялады.
Нақты қандай нысанға шабуыл жасалғанын билік айтпады. Ресейлік әскери блогерлердің хабарлауынша, соққы шағын электр станцияларына жасалған. Дегенмен бұл ақпаратты растайтын тәуелсіз дереккөз жоқ.
Ресей қорғаныс министрлігі Запорожьеге соққы жөнінде түсініктеме бермеді.
Майдан сызығына жақын тұрған Запорожьеге Ресей әскері жиі соққы жасайды. Кейінгі кезде басқарылатын авиабомба жиі қолданыла бастаған. Нәтижесінде талай адам қаза болып, жараланды. Инфрақұрылым нысандары қирады.
Қаңтардың өзінде Ресей әскері Запорожьеге бірнеше рет шабуыл жасалды. 9 қаңтарға қараған түні Ресей әскерінің шабуылы салдарынан 13 адам опат болып, 113 адам зардап шеккен. Запорожье облысында қаралы күн жарияланды. 18 қаңтарда Ресей әскері Запорожьеге ракетамен шабуыл жасаған, 9 адам зардап шеккен.