Ақмола облысы Степногорск қаласындағы №4 мекемеде жазасын өтеп жатқан белгілі марафоншы, "Алға, Қазақстан" партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі Марат Жыланбаевтың аштықты тоқтатқанын қылмыстық атқару жүйесі департаменті растады.
"Ол кеше, 22 қаңтарда шынымен аштықты тоқтатқан. Ол сот үкіміне қарсылық білдіріп, аштықты бастаған еді. Қазір ол өзін жақсы сезінеді. Өзінің физикалық жаттығуларын қайта бастады. Қазір ғана сондағы қызметкерлермен сөйлестім, олар осыны растады. Кеше [Марат Жыланбаев] отбасымен телефонмен сөйлескен. Бұл кестеге сай телефон қоңырауы. Ешқандай шағымы жоқ екенін айтты. Жалпы жағдай осындай" деді Ирина Горнова 23 қаңтарда Азаттыққа.
Оның сөзінше, Жыланбаев бұған дейін медицина қызметкерлерінің қызметінен жазбаша түрде бас тартқан. Дегенмен мекеме әкімшілігі соған қарамастан өзге сотталушылар тәрізді оның денсаулығын да қадағалап отырады деді.
Бүған дейін 20 күннен астам аштық ұстаған Марат Жыланбаевтың денсаулығы нашарлағаны хабарланған еді. Адвокаты Мейіржан Досқараев белсендінің әйелінің сөзіне сүйене отырып, Жыланбаевтың қан қысымы қатты түсіп кеткендіктен аштықты тоқтатуға мәжбүр болғанын айтты.
"Ол денсаулығына байланысты аштықты тоқтатқан, өйткені қан қысымы қатты түсіп кеткен екен. Келесі аптада түрмеге барып қайтамын" деді адвокат Мейіржан Досқараев бейсенбі күні Азаттыққа.
2023 жылы қарашада Астана соты Марат Жыланбаевты "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша 7 жыл түрмеге кескен. Жыланбаев айыптың бәрін жоққа шығарып, істің "саяси астары бар" деп мәлімдеген.
Қазақстандық құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін белсендіні босатуға үндеп келеді. Былтыр халықаралық Human Rights Foundation (HRF) құқық қорғау ұйымы түрмеде отырған танымал марафоншы, белсенді Марат Жыланбаевтың ісін БҰҰ сарапшылары мен күштеп ұстау бойынша жұмыс тобына жолдаған. Ұйым Жыланбаевтың негізгі құқықтары бұзылғанын атап өтіп, Қазақстан билігін оны босатуға шақырған.
Бұған дейін IPHR пен Қазақстандағы адам құқығы бойынша бюро Жыланбаев Конституциядағы ойын еркін айту, бейбіт түрде жиналу құқықтары үшін жауапқа тартылғанын, оның ісінде ешқандай "экстремизм белгілер" жоғын айтқан еді.