Степногорскідегі №4 жаза өтеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан Ринат Хайруллин 2024 жылы көктемде шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуы тиіс еді. Оның өтінішін 2024 жылғы 23 сәуірде Степногорск қалалық соты қанағаттандырған. Бірақ оның бостандыққа шығамын деген қуанышы ұзаққа бармады. №4 мекеменің сол кездегі бастығы Асылхан Биттіғұлов оны кабинетіне шақырып алып, 6 миллион теңге төлесе ғана абақтыдан шығатынын айтып, пара сұраған. Оның себебін сот үкімінде "материалдық жағдайы қиын болғандықтан қызмет бабын пайдаланған" деп түсіндіріпті.
МЕРЗІМІНЕН БҰРЫН БОСАУ ҚҰНЫ – 6 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ
Ринат Хайруллин өзінен пара сұраған түрме басшысының әрекетін туыстарына айтып, оның інісі Равиль Хайруллин құзырлы орынға шағым түсірген. Әділет подполковнигі Асылхан Биттіғұловты 13 маусым күні Равиль Хайруллиннен сұраған ақшасын алып жатқан жерінен Ақмола облыстық полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік қызметі қолға түсірген. Бұл туралы 2024 жылғы 15 қарашада шыққан Степногорск қалалық сотының үкімінде судья Мұрат Халмұрзаев былай деп баяндады:
"Биттіғұлов Ақмола облысы Степногорск қаласы 4-ықшамауданда орналасқан "Фараон" моншасының жанында кездесу орнын белгіледі. 2024 жылғы 13 маусымда сағат шамамен 23:35-те А.Биттіғұлов Р. Хайруллинмен белгіленген орында кездесіп, оны көлігіне отыруға шақырды. Көлікте Биттіғұлов сот шешіміне ықпал ету мүмкіндігі жоқ екенін біле тұра, Хайруллинге Степногорск қаласы прокуратурасының оның мерзімін есептеуде жіберген қателіктерін қажетті адамдармен шешетінін айтты. Содан кейін А.Биттіғұлов Р. Хайруллиннен шартты түрде мерзімінен бұрын босату мәселесін оң шешуге көмектесу үшін жалпы сомасы 5 595 547 теңге көлемінде ақшалай қаражат алды".
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түрмедегілердің ем алуы неге қиындап кетті?Равиль Хайруллин бұрынғы түрме бастығы ағасынан ақшаны прокурор наразылық бермей тұрып сұрағанын, тіпті екінші соттың қай күні өтетінін, судьяның кім болатынын да алдын ала айтып бергенін айтады.
– Көлікте отырғанымызда одан "Сот оны шартты түрде мерзімінен бұрын босатты, 13 күн өте аяқ асты неге прокурор наразылық білдірді?" деп сұрағанмын. Ол болса судьялармен сөйлескенін айтып, "судьялармен бәрі дұрыс, ал прокурормен сөйлеспедік" деді. Сондықтан прокурор қарсылық берген деді. Демек, бәрі алдын ала жоспарланған сияқты, – деді ол.
"15 КЕЛІГЕ АРЫҚТАҒАН"
Логикаға сәйкес, түрме басшысын пара алып жатқанда полиция ұстаған соң, Хайруллин алғашқы сот шешіміне сай бостандыққа шығуға тиіс еді. Бірақ Асылхан Биттіғұловтың ұсталуы Хайруллиннің сорына айналды. Оны түрме қызметкерлері азаптап, басқа сотталушыларға ұрғызған дейді түрмелердегі сотталушылар жағдайын қадағалайтын қоғамдық бақылау комиссиясының мүшесі. Құқық қоғаушымен кездесуде Ринат Хайруллин басынан кешкенін өзі баяндап, азап көргені туралы арыз түсірген.
– Ол қазір дұрыс жүре де алмайды, себебі олар оны қатты соққыға жыққан. Екі өкшесінен ұрып, қолдарын жарақаттаған, көру қабілеті нашарлап кеткен. Олар оның инсульт немесе инфаркт алғанын айтады, бірақ ол дені сау адам еді. Екі айдың ішінде нағыз мүгедекке айналды. Бұл жайдан жай болмайды. Биттігұловты ұстағаннан кейін алғашқы күндерден бастап оған қысым жасалды. Маған мекемеден қоңырау шалып, "оларды ұрып-соғып жатыр, азаптап жатыр" деп айтатын, – деді Равиль Хайруллин.
Адвокаты Мейіржан Досқараев Ринат Хайруллинмен 2024 жылғы 1 қазанда Степногорскідегі абақтыда жүздескен.
– Оны танымай қалдым. Таяққа сүйеніп қалыпты. Оны азаптаған. Қараған дәрігерлердің бірінің жазған қортындысын да көрдім. Бірден Ақмола облыстық прокуратурасына, Бас прокуратураға арызданып жүріп, 29 қазанда Ақмола облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Бірақ оны азаптау бабымен емес, "қызмет бабы мен билігін асыра пайдалану" бабымен қозғап, тергеу жүріп жатыр, – деді адвокат Мейіржан Досқараев.
Ринат Хайруллин "абақтыда қысым көрдім" деп, Ақмола облысы бойынша қоғамдық бақылау комиссиясының мүшесі Олжас Сыздықовқа мұңын шаққан. Ол Хайруллинмен 2024 жылғы 2 қазанда Степногорскідегі №4 қамау мекемесінде кездескен.
– 15 килограммға арықтап кеткен, бір аяғын сылтып басып жүрді, көзінен үрей мен күйзеліс байқалады. Маған сөз арасында өзінің қысымға, азаптауға ұшырағанын айтты. Хайруллиннің қолындағы мекеме дәрігерінің медициналық қорытындысында оның бұлшықетінде, денесінде жарақаттар бары жазылған, бұл қысым жасалды деген күндерге сәйкес келеді. Кейін мен арыз жазып, оны тиісті органдарға, оның ішінде Бас прокуратураға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке жолдадым, олардан оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап еттім. Сонымен қатар, прокуратурадан сол азаптау фактілерін тексеруді сұрадым, – деді Олжас Сыздықов.
Ал Степногорск қаласының прокуратурасы Хайруллиннің өзі бұл жайт бойынша түсініктеме беруден бас тартқан деді. Мекеменің айтуынша, сотталған азамат азапталды деп айтуға негіз жоқ.
"Тексеру барысында сотталған Хайруллин түсініктеме беруден бас тартты және мекеме қызметкерлерінен түсініктеме алынды, видеожазбалар қаралды. Сотталған Хайрулинге дене жарақатын түсіру фактісі және мекеме қызметкерлері тарапынан заңсыз іс-әрекет анықталмады. Денсаулығы бойынша №4 мекеменің аға дәрігері С.Артемасовтың 2024 жылғы 15 қазандағы түсініктемесіне сай, сотталған Хайруллиннің денесінде жарақаттар анықталмаған. Өміріне қандай да бір қауіп төніп тұрған жоқ. Қазіргі таңда, денсаулығы бойынша шағыммен медициналық қызметкерлерге жүгінбеді", – деді Степногорск қаласының прокуроры Қанат Мәдібаев.
РИНАТ ХАЙРУЛЛИН ДЕГЕН КІМ?
2013 жылғы 8 қазанда Ақмола облысының ауданаралық мамандандырылған қылмыстық соты 33 жастағы Ринат Хайруллинді "бөтеннің мүлкін иеленді", "адам өлтірді" деген бірнеше ауыр баппен 17 жылға соттаған.
Інісі Равильдің сөзінше, Ринат ол кезде Ақмола облысының Целиноград ауданына қарасты Садовое деп аталатын ауылда тракторшы-механизатор болып жұмыс істеген. 2013 жылы Ринат Хайруллиннің жұмыс орынында бір адам қаза болған. Оқиғаның ізі суымай мас күйінде ұсталған бірнеше адамның арасынан бірінші болып Ринат Хайруллин күдікке ілініп, ол барлық кінәні мойнына алған. Інісінің айтуынша, шаруашылықтағылар жұмыстан соң ішімдік ішіп отырған. Сол отырыстан соң араларындағы бір адамның басынан әлдебіреу ауыр затпен ұрып, әлгі кісі сол жерде көз жұмған.
– Полиция келіп, бәрін қамап, жауап алған. Ең алғашқы болып Ринатты тергеген. Ол бәрін мойнына алған. Ертесіне мастығынан айыққан соң айтқанынан бас тартқанымен, оны ешкім тыңдамады. Адвокат жалдайтын қаражат та болған жоқ, – деді Равиль Хайруллин.
Жазасының 13 жылын өтеген Ринат Хайруллиннің Степногорскідегі №4 мекемеде өз орны болған деді түрмелерге қадағалау жасайтын қоғамдық бақылау комиссиясы мүшесі Олжас Сыздықов. "Хайруллиннің қолынан келмейтін іс жоқ. Ол түрменің шаруашылық жағын дөңгелетті. Сол үшін 27 мәрте алған мадақтауы бар" деді ол.
ПАРА АЛҒАН АДАМ ҚАЙДА? АҚША ҚАЙДА КЕТТІ?
Ринат Хайруллин түрмеде жатқанда парамен ұсталған Степногорск түрмесінің бұрынғы басшысы, подполковник Асылхан Биттіғұлов Степногорск қалалық сотының шешімімен 2024 жылы қарашада бостандыққа шықты. 41 жастағы бұрынғы түрме бастығы сот үкімімен 45 миллион теңге (алуға тырысқан ақшаны 7,5 есе көбейткендегі сома) айыппұл төлеуге міндеттелді және мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Сот оның жазасын жеңілдететін жағдай ретінде "айыпталушының кінәсін мойындағанын, жасаған ісіне шын өкінгенін және кәмелетке толмаған балалары барын" ескерген. Биттіғұловтың Хайруллинен алған ақшасы мемлекет кірісіне тәркіленді.
Степногорск сотының бұл шешімі Ринат Хайруллинің отбасын қатты күйзеліске түсірген. Олар Хайруллиннің бұл абақтыдан тірі шығуы екіталай деп уайымдайды. Жемқорлықпен күрестің соңы туысымыздың өміріне қауіп әкелді деген олар, Хайруллинді аман алып қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын айтады.
– Менің ойымша, оны ол жерден тірі шығарғысы келмейтін сияқты. Оның тірі қалуы да екіталай деп ойлаймын. Әрі қарай шыдап, тағы бір-екі жыл өмір сүруі мүмкін бе деген үлкен күмәніміз бар. Өкінішке қарай, біз бұл жағдайды өзгерту үшін әлі ештеңе істей алмай отырмыз. Оны мерзімінен бұрын шығару туралы қайда арыздансақ та, бәрі бас тартады. Ринат параны әшкерелеудің құнын денсаулығымен өтеп жатыр, – деді Равиль Хайруллин.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Биліктегі ескі-жаңа тұлғалар адам құқықтары жайлы міндеттерін орындамай отыр". Human Rights Watch ұйымының есебіРинат Хайруллинің мерзімінен бұрын бостандыққа шығуына наразылық білдірген Степногорск прокурорының өтінішін апелляциялық сот алқасы құптаған. Бірақ құқық қорғаушы Хайрулиннің ұзақ мерзім түрмеде отырып оның ішкі жағдайын көп білуі де оның жылдам шығып кетпеуіне тұсау болуы мүмкін деп жобалайды. Әйтпесе 27 мәрте мадақ алған Хайруллин мерзімінен бұрын шығуға әбден лайық деді ол.
– Прокурордың уәжіне сай, сол қылмыстық іс бойынша зардап шеккендер оның босатылуына қарсы екен. Бірақ адамның түзеліп, дұрыс жолға түсуі үшін мерзімінен бұрын шартты түрде босатудан басқа қандай құрал бар? Сонда бұл жүйе жұмыс істемей ме? Оларды мерзімінен бұрын шартты жазамен босатпаса, сотталғандар түзеліп, дұрыс жолға түсуге деген ынтасын жоғалтады, – деді құқық қорғаушы.
КҮРЕС ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР
Қазір Ринат Хайруллиннің әділдік үшін күресі жалғасып жатыр. Былтыр қарашада оны қауіпсіз орын ретінде Көкшетаудағы тергеу изоляторына ауыстырған.
– Оның қан қысымы 200-ден түспей тұр. 16 қазанда Степногорск ауруханасында бес күндей жатып шыққан. 24 желтоқан – 8 қаңтар аралығында Көкшетаудағы облыстық аурухананың жансақтау бөліміне жатып шықты. Тергеу изоляторына емін жалғастыруға жіберген, – деді адвокат.
13 қаңтарда Ринат Хайруллинді көріп қайтқан адвокат Досқараевтың сөзінше, ол отырған тергеу изоляторында да Хайруллиннің қасына басқа сотталушыларды жіберіп, түрме қызметкерлеріне қатысты берген арызынан бас тартуға үгіттеп жатқанын айтты.
Бұдан бөлек пара алуды әшкерелеу операциясынан соң таяққа сүйеніп қалған Ринат Хайруллин подполковник Асылхан Биттіғұловты айыппұлмен еркіндікке шығарған Степногорск қаласы сотының шешімін апелляциялық сотта даулап жатыр. Ол 22 қаңтарда Ақмола облыстық сотында жалғасады.