2025 жылдың 1 қаңтар күнгі мәліметі бойынша, Өзбекстан халқының саны 37 млн 543,2 мың адамға жетті. Осылайша 2024 жылы халық саны 2 пайызға немесе 743,4 мың адамға артқан. Бұл мәліметті Өзбекстан президенті жанындағы статистика агенттігі таратты.
Халықтың 18,9 миллионы (50,4%) - ер адамдар, 18,6 миллионы (49,6%) – әйелдер. Халықтың жартысынан астамы 19,1 млн немесе 51% қалада тұрады. 18,4 млн адам немесе 49% ауылда тұрады.
Халықтың орналасу тығыздығы 1 шаршы шақырымға 83,6 адамнан келеді. Бұл бір жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда 1,6 адамға көп (былтыр 1 қаңтарда 1 шаршы шақырымға 82 адамнан келген).
Халық тығыз орналасқан облыстарға Ташкент, Әндіжан, Ферғана облыстары жатады. Ал халық тығыздығы Науаи облысы мен Қарақалпақстанда төмен.
2024 жылы елде 926,4 мың бала дүниеге келген. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 3,7% аз. Елде 2017 жылдан бергі туу көрсеткіші алғаш рет азайып отыр.
Былтыр 479,5 мың (51,8%) – ұл бала, 446,9 мың (48,2%) қыз бала дүниеге келген.
Былтыр елге 241,8 мың адам келген. Басым бөлігі – Ресейден (36,5%) және Қазақстаннан (24,2%) барған.
2024 жылы елден 250,4 адам кеткен. Олардың 80 пайызы – еңбекке қабілетті жаста. 81,1% – Қазақстанға, 14,8% – Ресейге, 0,9% – Оңтүстік Кореяға, 0,7% – Қырғызстанға қоныс аударған.