АҚШ Конгресі ұрлау мен тонау сияқты түрлі қылмысқа қатысы бар заңсыз мигранттарды қамауды қарастыратын заң жобасын қабылдады.
"Лейкен Райли актісі" деген атпен танылған құжатты әуелі сенат қабылдап, кейін өкілдер палатасында дауыс беру болған. Заң жобасын 263 конгресмен қолдап, 156 адам қарсы болды.
Республикашылдар дайындаған құжатты 46 демократ қолдаған.
Екі күн бұрын сенат қабылдап, өкілдер палатасы мақұлдаған құжат Ақ үйге жіберілді. Бұл жаңа Конгрестің президент Дональд Трампқа жіберген алғашқы заң жобасы.
Трамп сайлауалды кампаниясы кезінде шекараның қауіпсіздігі мәселесіне ерекше мән беретінін мәлімдеген.
Бұл заң жобасы Трамптың "ірі заңнамалық жеңісі" ретінде саналады, себебі құжат түрлі қылмысқа қатысы бар заңсыз мигранттарды сот қаулысынсыз ұстауға мүмкіндік береді.
Қатаң шаралар қабылдау арқылы Мексикамен шекарадағы мигранттар ағыны мәселесіне нүкте қоюға уәде берген Трамп жақын арада заң жобасына қол қояды деп айтылады.
Мексикамен шекарадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Трамп ол жаққа қосымша 1500-ге дейін әскер жіберу туралы жарлыққа қол қойған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп АҚШ-та туған балаға бірден азаматтық беруді доғармақ. Бұл мүмкін бе?