"Автокөлікпен қайтуға бола ма?" Ұшақ апатынан тірі қалған Ринат Асановтың арманы

Ринат Асанов (жеке архивіндегі фото)

20 жастағы Ринат Асанов – Ақтау қаласына жақын маңда апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines (AZAL) компаниясының жолаушы ұшағында болып, аман қалған Қырғызстанның үш азаматының бірі.

Азаттық тілшісі сөйлескен Қырғызстанның Тоқмақ қаласының тұрғыны өзін құрбан сезінбейтінін айтты. Алға қойған жоспары көп, әйтсе де, қазірге ең бастысы – өз-өзіне келу.

"Жақындарыма ақтық сөзімді жазбақ болдым"

Баку – Грозный әуе рейсімен ұшу әу баста Ринат Асановтың ойында болмаған. Аяқ астынан қосымша жұмыс табыла кетіп, Шешенстаннан Қырғызстанға автокөлік айдап бармақшы болды.

"Біріншіден, Тілек байке маған бөтен адам емес (Тілек Осмонов – ұшақ апатынан зардап шеккен үш қырғызстандықтың бірі), сондықтан оған көмектесуді ұйғардым. Оның үстіне, сол уақытта аса бір әкетіп бара жатқан шаруам жоқ, қолым бос еді. Екіншіден, өзіме тәжірибе болсын деп барғым келді, мұны да көрейін, болашақта керегі болып қалар дедім", – деді Ринат өткен күнді еске алып.

Айтуына қарағанда, мұның алдында Бішкек – Баку рейсімен ұшқан кезде шаршағандықтан, Ринат жол бойы ұйықтаумен болған. Әуе көлігіне бірінші соққы тиіп, ұшақ ішінде дүрбелең басталғанда оянған.

"Маған әлдебір жарылыс болғандай көрінді. Бірден ұшақ ішіндегі сол жақ шетке қарадым, мұнда әлдене бүлінгені анық еді. Пластиктен тұратын беткі қабат ұшып кеткендей көрінді, оттегі маскалары түсе бастады. Кей жолаушылар орнынан тұрып, ерсілі-қарсылы жүрумен болды, дүрбелең боп кетті. Бортсеріктер оларды сабырға шақыруға тырысты", – деді Асанов.

Your browser doesn’t support HTML5

Ұшақ апаты. Куәгерлер мен ресми органдар не дейді? – AzatNEWS | 25.12.2024

Ринат 35-қатарда, терезе түбінде отырған. Ұйқысын ашып, не болып жатқанын бағамдап үлгергенше болған жоқ, "екінші жарылыс па, бірдеңе болды".

"Дауысы өте қатты шықты. Мұндайда небір ой келеді екен. Бастапқыда ұшақ құлап бара жатыр ма деп ойладым. Сабыр сақтауға тырыссам да, ол оңай болған жоқ... Арт жағымда отырған Тілек байкеге сұрақ қоя бастадым. Ол да қорыққаннан көзі бақырайып, не болып жатқанын білмейтінін айтты. Әйтсе де, бәрі жақсы болады деп мені сабырға шақыруға тырысты", – деді Ринат.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ұшқыштар адамдарды аман алып қалуға тырысқан". Ақтаудағы апат туралы сұхбат

"Екінші дыбыстан" кейін Ринат жеткен жерім осы деп ойлап, неше түрлі ой келгенін жасырмайды.

"Телефонымды алып, жақындарыма ақтық сөзімді жазуға оқталдым. Сондай ой келсе де, мұны жасамағаным жақсы болған екен... Экипаж апат жағдайында қонатынымызды ескертті. Бортсеріктер дұрыс отыруды түсіндіріп, қауіпсіздік белдігін тағуды ескертті, қолымызды қалай ұстауды үйретті. Brace деген командадан кейін [жерге] қатты соққы болатынын айтып, дайындалуға шақырды, басымызды қорғау керегін ескертті.

Команданы күтіп отырғанымды білемін. Ал естіген кезімде бірден иллюминаторға қарадым, жерге жап-жақын қалғанымызды көрдім. Осы кезде қатты қорыққаннан есімнен танып қалған сияқтымын, есімді ауруханада бір-ақ жидым", – деді Ринат.

Бұған дейін Тілек Осмонов Азаттыққа берген сұхбатында құлаған ұшақтан қалай шыққанын айтып берген еді. Ол жарақат алған Ринат Асановты екі жолаушының көмегімен жерге қатты түскенде бөлініп қалған ұшақтың ішінен алып шыққан.

"Беліндегі қауіпсіздік белбеуін зорға шештік... Ринат көзін ашып, есін жиғандай болды, бірақ жағдайы ауыр еді. Әупірімдеп ұшақтан бірге шықтық", – деген Осмонов сол сәт туралы әңгімесінде.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ұшақ сыртындағы дыбыс ішке қатты естілді". Апаттан аман қалған қырғыз азаматымен сұхбат

"Тағы да ұшаққа мінетінімді естігенде қуана қоймадым"

Апаттық жағдайда қонған Embraer ұшағындағы зардап шеккен жолаушылар түгелдей Ақтаудың ауруханаларына жеткізілді. Ринатты бірден Маңғыстау облыстық ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызды. Алғашқы күндері комада жатқан жігітке өкпесіне зақым келіп, екі қабырғасы сынған, миы шайқалған деген диагноз қойылды. Жаңа жылдың алдында Ринатты Қырғызстанның тағы екі азаматы Тілек Осмоновпен және Ерлан Жүнісәлиевпен бірге арнайы ұшақпен Бішкекке жеткізді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ақтаудағы ұшақ апатынан зардап шеккен қырғыз азаматтары Бішкекке жеткізілді

Ринат тағы да ұшаққа мінетінін естігенде қуана қоймағанын айтты.

"Дәрігер еліме қайтатын уақыт келгенін айтқанда, бірден немен баратынымызды сұрадым. Ұшақпен жөнелтетінін білгенде, "автокөлікпен қайтуға бола ма?" деппін. Әлі де наркоздың әсерінен айықпағанмын әрі болып жатқан жағдайды толық түсінбесем де, ұшудан қорқатынымды білдім. Дәрігер жағдайды түсіндіріп, ұшақпен төрт сағатта жетуге болатынын, ал автокөлікпен екі жарым күндік жол екенін айтты. Басқа жол жоқ екені түсінікті болды... Медицина қызметкерлеріне алғысым шексіз, өзіміздің дәрігерлерге де, қазақстандық мамандарға да ризамын, аяққа тұруыма көмектесті", – деді ол.

Ринат Асанов пен досы Бішкек ауруханасында

Ринаттың айтуынша, дәрігерлер оған апат туралы жаңалықтарды оқымауға, әлеуметтік желілерді қарамауға, жалпы интернетте көп отырмауға кеңес берген.

"Маған қазір көп қобалжуға болмайтынын айтты. Кенет ұшақтарға, авиацияға қатысты видео шыға қалса, тіпті экраннан бортсеріктерді көріп қалсам да, автоматты түрде өткізіп жіберетінімді байқап жүрмін. Көре алмаймын... Бір жаққа ұшып бару былай тұрсын, кез келген көлікке мінуден қорқыныш пайда болды.

Қазір бәрібір ешқайда бара алмаймын, емделіп жатырмын. Денсаулығымды қалпына келтіру үшін дәрі-дәрмектер мен дәрумендер ішіп жатырмын. Жарты жылдан кейін тағы да тексеруден өтемін, бәлкім, сол кезде тағы да ем-дом алу керек болатын шығар. Оқуға да, жұмыс істеуге де мүмкіндігім жоқ, спортпен айналысуға да болмайды", – деді ол.

"Жоспарым – оқу мен жұмыс"

Ринат бұрыннан жаттығу залына қалмай баратын дағдысы мен дайындығы ұшақ апатынан кейін мейлінше тез қалпына келуге көмектескенін айтады.

"Дәрігерлер де тез қалпыма келіп жатқанымды, өкпем таза екенін, жағдайым жақсы екенін айтты... Сөйтсе де, оңалту үшін ем алуым керек. Өзіме салса, тезірек оқуыма, жұмысыма оралып, арманымды іске асырғым келеді. Бауырым екеуіміз Бішкектен пәтер сатып алсақ дейміз. Мен астанада оқимын, бауырым жұмыс істейді, күн сайын Тоқмақтан барып-келу қиын", – деді Ринат.

Ринат спорттан уақытша қол үзіп қалғанына қапалы.

Ринат Асанов Қырғызстан халықаралық университетінің 4-курсында оқиды. Қазір ол ІТ мамандығы бойынша сырттай білім алып жүр. Оны бітіргеннен кейін геодезия саласын оқығысы келеді.

"Екі жыл бұрын Ресейге жұмыс істеуге бардым. Басында қара жұмыс істеп жүріп, кейін бригадир болдым, біртіндеп өстім. Сонда жүріп геодезиямен айналысатын мамандармен танысып, осы салаға қызығушылық туды. Көп нәрсені үйретті, [жұмысқа] бірге алып шығып, кей жұмысты сеніп тапсырып жүрді. Дегенмен әлі де үйренерім көп, теорияны оқуым керек", – деді ол.

Ринаттың бауыры мен екі әпкесі бар. Алты жыл бұрын ата-анасы қайтыс болған. Үлкен әпкесі тұрмыста, екіншісі тіршілік қамымен Мәскеуде жүр. Ринат бауырымен бірге тұрады. Ұшақ апатынан кейін Ақтаудағы ауруханадан Ринатты алып кетуге барған, өтемақы алу мәселелерімен айналысып жүрген де сол бауыры.

Ресейде Ринат геодезия саласында жұмыс істеп көрген.

Қазірге дейін Ринат ешқандай өтемақы алған жоқ. 2024 жылғы желтоқсанның аяғында Қырғызстан сыртқы істер министрлігі "өтемақы төлеу мәселесін Қазақстандағы Қырғызстан Республикасының елшілігімен бірге қарастырғанын және таяу арада оның қашан және қандай көлемде төленетіні белгілі болатынын" хабарлаған.

Ринат мұндай жағдай неге болды және неге дәл осы жағдайға душар болдым деп бас қатырмайды.

"Ұшақта болғанда-ақ маңдайға жазғанын көрермін деп ойладым. Ешкімге ренішім жоқ, жазмыштан озмыш жоқ. Аман қалғаныма, өз аяғыммен жүріп-тұра алатыныма шүкір. Денсаулығыма аз-кем залал келген шығар, бірақ мен сол баяғы Ринатпын, өзімді құрбан сезінбеймін. Әрі қарай өмір сүріп, алға қойған мақсаттарыма жеткім келеді", – деп қорытты ол.

Әзербайжанның Azerbaijan Airlines (AZAL) компаниясына тиесілі Embraer жолаушы ұшағы 2024 жылғы 25 желтоқсанда Қазақстанның батысындағы Ақтау қаласынан 30 шақырым жерге құлады. Апат салдарынан 38 адам қаза тауып, 29-ы тірі қалды.

Апаттың себебін зерттеу әлі жалғасып жатыр, ұшақ апатының негізгі себебі ретінде Грозный аспанында фюзеляжға әскери зениттік зымыранның бөлшектері тиген болуы мүмкін деген нұсқа айтылып жатыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Зымыран зақымдаған". Ұшақ апаты жайлы тың дерекке Қазақстан мен Әзербайжандағы реакция

Әзербайжан президенті Илхам Әлиев апатқа "Ресей Федерациясының өкілдері жауапты" деп мәлімдеді. Әлиев Ресейден кінәсін мойындап, кінәлілерді жазалауды талап етті. Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан ұшағының апатқа ұшырауына орай кешірім сұрағанымен, жауапкершілікті мойнына алған жоқ.

Азаттықтың Бішкектегі тілшісі Наргиза Осмонованың материалынан аударылды.