Accessibility links

Адвокат қамаудағы Темірлан Еңсебектің телефоны мен ноутбугын әлдекімдер ашқанын айтты


Темірлан Еңсебекті қолдаушылардың баспасөз мәслихаты. Солдан оңға қарай: белсенді Бота Шәріпжанова, саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт, адвокат Жанар Балғабаева
Темірлан Еңсебекті қолдаушылардың баспасөз мәслихаты. Солдан оңға қарай: белсенді Бота Шәріпжанова, саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт, адвокат Жанар Балғабаева

Алматыда екі айға қамауға алынған Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекке қатысты қалалық полиция департаментінде 24 қаңтарда тергеу амалдары жүргізілді деп хабарлады оның адвокаты Жанар Балғабаева. Заңгердің айтуынша, Еңсебектің заттарын түгендеу кезінде оның телефоны мен компьютерін бұған дейін ашуға әрекет жасалғаны байқалған.

"Полиция департаментінде заттарды түгендеп қарау кезінде Темірланның макбугы мен телефонын бұған дейін ашып, пайдалануға шектеу қойып тастағанын көрдік", – деп хабарлады Балғабаева 27 қаңтарда Алматыда қазақстандық адам құқықтары жөніндегі бюрода өткен баспасөз мәслихатында.

Адвокат заңда гаджеттер және өзге де барлық мүлікті иесінің көзінше қарап, тексеру туралы атап жазылғанын еске салды.

Бұдан бөлек, оның айтуынша, Еңсебектің камерасында тінту жүргізілген.

"Тергеу амалдарына дейін Темірланмен жеке әңгімелеске кезде ол осы күннің қарсаңында камерасында тінту жүргізілгенін айтты. Телефон іздепті, Qaznews24 неге әлі істеп тұр, оған кім жариялап жатыр деп сұрапты", – деді адвокат.

QazNews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті полиция 17 қаңтарда үйіне тінту жүргізгеннен кейін ұстап әкеткен. 18 қаңтарда Еңсебек екі айға қамауға алынды. Оған "ұлтаралық алауыздық қоздырды" деген айып тағып отыр. Еңсебек күдікті деп танылған баптың санкциясында айыппұл, бостандығын шектеу немесе екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас еркіндігінен айыру жазасы қарастырылған. Еңсебектің адвокаты Жанар Балғабаеваның айтуынша, оның қорғауындағы сатиралық паблик авторына қарсы іс қозғап, тергеу бастауға әлеуметтік желіні бақылайтын полиция қызметкерінің рапорты негіз болған.

Темірлан Еңсебекке "Йоу, орыстар" атты әнге бола "алауыздық тудырды" деген айып тағылып отыр. Сатиралық паблик мазмұнында дөрекі сөздер бар даулы әнді осыдан бір жыл бұрын, ресейлік тележүргізуші Тина Канделакидің Қазақстанда орыс тілі кемсіту көріп отырғаны жайлы мәлімдемесіне реакция ретінде жариялаған еді (Қазақстан сыртқы істер министрлігі Канделакиді сол мәлімдемесігнен кейін нон-грата тұлғалары тізіміне қосқан). Қазақстанда ол әнге тыйым салынбаған: әртүрлі аккаунтарда әлі тұр.

Еңсебек тұтқынға алынғаннан кейін Қазақстанның бірнеше қаласында белсенді азаматтар мен журналистер Еңсебекке қолдау білдіріп, көшеге шығып жалғыз адам пикетін өткізді. "Сатира қылмыс емес" деген ұранмен Алматыда журналистер Руслан Бикетов пен Әсем Жәпішева, белсенділер Ақмарал Жәкібаева мен Ақторғын Ақкенжебаласы, Қостанайда Сергей Зинченко, Ақтөбеда Мұсағали Дауылов. Астанада Марат Мұсабаев акциялар өткізді.

Алматы полициясы Еңсебек сатираға бола емес, "араздық қоздырғаны" үшін қылмыстық іс бойынша жауапқа тартылып жатыр деп айтты.

Журналистер қауымы мен сарапшылар биліктің Темірлан Еңсебекті қудалауын сынға алды.

XS
SM
MD
LG