Accessibility links

Станислав Черчесов футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметінен кетті


Станислав Черчесов
Станислав Черчесов

Футболдан Қазақстанның ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Станислав Черчесов қызметінен кетті. Бұл туралы 27 қаңтарда Қазақстанның футбол федерациясы хабарлады.

"Еңбек шарты екі жақтың өзара келісімі бойынша тоқтатылды", – деп түсіндірді футбол федерациясы.

61 жастағы Станислав Черчесов ұлттық құраманың бас бапкері болып былтыр маусым айында тағайындалған. Оның жетекшілігімен ұлттық құрама УЕФА Ұлттар лигасында 6 матч өткізіп, бірде-бір жеңіске жетпеді. Құрама осы ойындарда қарсылас қақпасына бір гол да сала алмады. Жалғыз ұпайды Алматыда Норвегия құрамасымен тең ойнап алған. Осылайша, құрама "С" тобынан шығып қалған.

Федерацияның хабарлауынша, құрамадағы жаттықтырушылар штабы толық құраммен кеткен, қазір жаңа бас бапкерге үміткерлер тізімі қарастырылып жатыр.

Ресейлік жаттықтырушы қазақ тіліне байланысты екі рет дауға қалған. Баспасөз жиындарының бірінде журналистің қазақ тілінде қойған сұрағын түсінбейтінін айтып, "осетин тілінде жауап беруді" ұсынғанын жұрт тілді мазақ ету деп қабылдады. Одан кейінгі жиындардың бірінде өзге бір журналистің қазақ тілінде қойылған сұрағына "француз тілінде жауап берейін бе?" деген. Осы сөзі үшін Туризм және спорт министрлігі Қазақстан футбол федерациясынан түсініктеме талап етіп, федерация жаттықтырушыға айыппұл салды.

Черчесов бұған дейін Ресей құрамасын, польшалық "Легия", венгриялық "Ференцварош" және ресейлік "Спартак", "Динамо", "Терек" және "Амкар" клубтарын жаттықтырған.

Қазақстан құрамасын Черчесовке дейін ресейлік Магомед Адиев жаттықтырған. Ол кезде құрама Ұлттар лигасында өз тобында жеңіске жеткен, Еуро-2024 жарысына іріктеуде рейтингте өзінен жоғары тұрған Дания командасын жеңіп, сенсация жасаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG